Махамбет аудандық орталық кітапханасында Отбасы күніне орай «Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Тағылымды шараның мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесінің қоғамдағы маңызын дәріптеу.
Кеш барысында оқырмандар үш топқа бөлініп, «Ата-ана», «Жұбайлар», «Ұрпақ» тақырыптары аясында өлең жолдарын талдап, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Әр топ отбасы құндылықтарын өз көзқарастары тұрғысынан саралап, мазмұнды пікір алмасу өткізді.
Сонымен қатар қатысушыларға арнайы сұрақтар ұсынылып, отбасыдағы сыйластық пен бірлік, қазіргі қоғамдағы отбасының рөлі туралы топтық талқылау ұйымдастырылды. Жастар мен оқырмандар өзара ой бөлісіп, отбасының адам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

Шара аясында Отбасы күніне орай жасақталған «Отбасы – аялы алақан мекені» атты кітап көрмесі таныстырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар мен өнегелі өмір жайындағы әдебиеттер қойылды.


