Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында 2026 жыл «Қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жылы болып жарияланды. Осы бастаманы қолдау мақсатында республика көлемінде 18 мамыр мен 8 маусым аралығында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты ауқымды акция ұйымдастырылып, оның шеңберінде Махамбет ауданында да бірқатар маңызды іс-шара өтті.
Акцияның басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, отбасы институтын нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамның ішкі істер органдарына деген сенімін күшейту. Шараларға аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, қоғамдық құрылымдар өкілдері, атап айтқанда ақсақалдар кеңесі, әкелер мектебі, әжелер мектебі, аналар кеңесі мүшелері, сондай-ақ жастар, студенттер мен жоғары сынып оқушылары белсенді қатысты.
Акция аясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы, учаскелік полиция инспекторлары, Жастар ресурстық орталығы және Отбасын қолдау орталығы бірлесіп арнаулы мектеп-интернат тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтады. Балаларға сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл-күй сыйланды. Полиция қызметкерлері бүлдіршіндермен еркін әңгімелесіп, олардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Акция барысында білім беру ұйымдарында да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте аудандық полиция қызметкерлері оқушылармен кездесу өткізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады. Кездесуде зорлық-зомбылықтың түрлері, оның салдары және қиын жағдайларда көмекке жүгіну жолдары туралы жан-жақты ақпарат берілді.
– Біздің басты міндетіміз – құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, қоғамда өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі – назарымыздағы негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан мұндай акциялар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді, – дейді Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция лейтенанты Көркем Оразқызы.
Өңірде өткен іс-шаралар отбасындағы татулық пен сыйластықты нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың маңызды бөлігіне айналды. Өйткені берекелі отбасы мен қауіпсіз балалық шақ – тұрақты қоғамның басты кепілі.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


