Отбасы құндылықтарын дәріптеу, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында аудандық Отбасын қолдау орталығы мен аудан әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бірлесіп ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні өтті.
Шара барысында қатысушылар отбасы мәселелері, бала тәрбиесі, тұрмыстық жағдай, әлеуметтік төлемдер мен заңнамалық нормаларға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Психолог мамандары отбасындағы қарым-қатынасты нығайту, күйзеліс жағдайларын еңсеру, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Құқықтық көмек көрсету алаңында заңгерлер азаматтарға отбасы құқығы, әлеуметтік қорғау, алимент өндіру, еңбек қатынастары және басқа да құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.
Іс-шара аясында қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және кәсіптік дағдыларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта тігін ісі бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылып, қатысушыларға қолөнердің қыр-сыры таныстырылды. Тәжірибелі мамандар тігін жұмыстарының негізгі әдістерін көрсетіп, бұйым дайындаудың қарапайым тәсілдерімен бөлісті. Бұл өз кезегінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, кәсіптік машықтарын дамытуына және болашақта қосымша табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер халық пен әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпаратқа қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар тұрғындардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын көтеруге, отбасы институтын нығайтуға және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді. Осындай игі бастамалар арқылы аудан тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетіліп, әр отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын таба бермек.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА


