ОРНЫҚТЫ ДАМУДЫҢ ОҢ ЖОЛЫ

XXI ҒАСЫРДА АДАМЗАТ АЛДЫНДА ТҰРҒАН ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ – ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАРДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БЕЙІМДЕЛУ. ӘЛЕМДЕ АУА ТЕМПЕРАТУРАСЫНЫҢ КӨТЕРІЛУІ, АУАНЫҢ ЛАСТАНУЫ, СУ ТАПШЫЛЫҒЫ, ШӨЛЕЙТТЕНУ, БИОАЛУАНТҮРЛІЛІКТІҢ АЗАЮЫ СЕКІЛДІ КҮРДЕЛІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТҮЙТКІЛДЕР ЖИІЛЕП КЕЛЕДІ. МҰНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЕЛДЕРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БАҒЫТЫ ДА ЖАҢА ТАЛАПТАРҒА САЙ ӨЗГЕРУІ ТИІС. ОСЫ ОРАЙДА «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ҰҒЫМЫ ЖАҺАНДЫҚ МАҢЫЗҒА ИЕ БОЛЫП ОТЫР.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІКТЕН ТУҒАН ШЕШІМ 

«Жасыл экономика» – табиғи қорларды тиімді пайдалану арқылы халықтың әл- ауқатын арттыруға, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу жүйесіне қайтаруға бағытталған экономикалық модель. Оның басты ерекшелігі – табиғатты тұтынушы емес, оны сақтай отырып, дамушы қоғам қалыптастыру. Бұл бағыт ең алдымен сарқылатын ресурстарды, соның ішінде мұнай, газ, көмір секілді пайдалы қазбаларды үнемді пайдалануды және күн, жел, су тәрізді жаңартылатын энергия көздерін тиімді игеруді көздейді. 

Қазақстан үшін жасыл экономикаға көшу – уақыт талабы ғана емес, стратегиялық қажеттілік. Себебі, еліміздің табиғи байлығы мол болғанымен, оны тиімді пайдалану, келер ұрпаққа таза ауа, тұнық су, құнарлы жер қалдыру – бүгінгі буынның жауапкершілігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге әрдайым ерекше мән беріп келеді. Президенттің айтуынша, жасыл экономиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия сек¬торын кеңейту – Қазақстанның төмен көміртекті даму стратегиясының негізгі басымдықтарының бірі. 

– Біз шын мәнінде нарықтық, еркін және бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған жаңа экономикалық бағытты жүзеге асырып жатырмыз. «Жасыл» экономиканы дамыту, энергия тиімділігін арт-тыру және жаңартылатын энергия секторын дамыту біздің төмен көміртекті даму стратегиямыздың басымдықтары болады. Бұл 2060 жылға қарай нөлдік шығарындыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деген еді Мемлекет басшысы. 

Президент тапсырмасымен елімізде көмірқышқыл газының бөлінуін азайту, шөлейттенуге қарсы күрес жүргізу, орман қорын көбейту бағытында нақты міндеттер белгіленді. Соның ішінде бес жыл ішінде ормандарға 2 миллиардтан аса ағаш, елді мекендерге 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берілгені белгілі. 

ЭКОЛОГИЯ – ӨМІР САПАСЫНЫҢ ӨЛШЕМІ 

Экология мәселесі тек табиғатты қорғаумен шектелмейді. Бұл – халықтың денсаулығына, тұрмыс сапасына, ауыл мен қаланың келбетіне, экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер ететін сала. Сондықтан экологиялық мәдениет әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы экологиялық ахуалға қатысты алаңдаушылығын білдіріп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу қажет екенін атап өткен болатын. 

– Экология – халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ еліміздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде қазақстандықтардың 48 пайызы ғана экологиялық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Осыған байланысты жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бұл – жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Шын мәнінде қоршаған ортаны қорғау – тек экологтардың немесе табиғат жанашырларының ғана міндеті емес. Ол – әр отбасының, әр мекеменің, әр ауылдың ортақ жауапкершілігі. Қоқысты бейберекет тастамау, суды үнемдеу, ағаш отырғызу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау сияқты қарапайым әрекеттер үлкен экологиялық мәдениеттің бастауы саналады. 

ҚАЛДЫҚТЫ СҰРЫПТАУ – МӘДЕНИЕТТІҢ КӨРІНІСІ 

Жасыл экономиканың маңызды бағыттарының бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Күн, жел және су энергиясын тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға болады. Бұл бір жағынан, табиғатты қорғауға ықпал етсе, екінші жағынан, ел экономикасының жаңа салаларын қалыптастырады. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын жасыл энергия нысандарын іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергия үлесін арт-тырып, энергия тиімділігін күшейтуге жол ашады. Жасыл энергия ауылдық аймақтар үшін де тиімді. Мәселен, күн панельдері мен жел қондырғылары шалғай елді мекендерді тұрақты қуат көзімен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар электр энергиясына кететін шығынды азайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. 

Жасыл экономиканың тағы бір маңызды бөлігі – қалдықтарды қайта өңдеу. Бүгінде әлемнің көптеген елдері қоқысты қалдық деп емес, қайта пайдалануға болатын ресурс ретінде қарастырады. Пластик, қағаз, шыны, металл секілді тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау арқылы табиғатқа түсетін зиянды азайтып қана қоймай, жаңа өнім өндіруге болады. 

Қазақстан да бұл бағытта нақты мақсат қойып отыр. Еліміз 2030 жылға қарай қоқысты өңдеу үлесін 50 пайызға жеткізуді көздейді. Қазірдің өзінде бірқатар қалада тұрғын үйлердің аулаларына қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер қойылып, тұрғындар арасында сұрыптау мәдениеті қалыптаса бастады. Дегенмен бұл жұмысты ауылдық жерлерде де жүйелі жолға қою қажет. Қоқыс сұрыптайтын орындар ашылса, бір жағынан, экологиялық ахуал жақсарады, екінші жағынан, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс көзі пайда болар еді. 

ЭКОМӘДЕНИЕТ БАЛА КЕЗДЕН БАСТАЛАДЫ 

Жасыл экономикаға көшу тек ірі жобалармен, заңдармен немесе мемлекеттік бағдарламалармен ғана өлшенбейді. Оның негізі – экологиялық санада. Ал экологиялық сананы бала кезден қалыптастыру маңызды. Осы бағытта «JerEco Hub» хакатоны мен әлеуметтік жобалар сайысына қатысып, экомәдениет саласы бойынша жоба қорғаған «Jarqyn Bolashaq» командасы грант ұтып алған. Команда мүшелері балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арналған комикстер, бояу парақтары және анимациялық бейнероликтер әзірлеген. 

– «Жасыл экономика» ұғымы мен үшін адамзаттың табиғатқа зиян келтірмей, оны қорғауы деп түсінемін. Адам – қоғамның да, табиғаттың да ажырамас бөлігі. Өз мекенімізді қорғауда жасыл экономиканың маңызы зор. «Eco Hub» жобасы аясында ұсынған бастамамыз осы қағидаттармен үндеседі. Біз негізінен экомәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс істейміз. Мұндай мәдениетті адам ес білгеннен ба¬стап санасына сіңіруі керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, жобамызды кішкентай тұрғындардан бастауды жөн көрдік. Экология тақырыптарын түсіндіру үшін балабақшадағы бүлдіршіндерге арнап комикстер, бояу парақтарын, мектеп оқушыларына арналған анимациялық бейнероликтер жасадық, – дейді «Jarqyn Bolashaq» командасының мүшесі Жайнар Ардаққызы. 

Оның айтуынша, ауылдық жерлерде жасыл экономиканы дамыту үшін тұрғындарға арнайы тренингтер мен сабақтар өткізу қажет. Мектеп бағдарламасына экология бағытындағы қосымша сабақтар енгізілсе, жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігі арта түсер еді. 

– Махамбет ауданында экомәдениетті дамыту, қоршаған ортаға қамқорлық таныту бағытындағы жобалар көбірек жүзеге асса дейміз. Қай жерге барсақ та шашылып жатқан қоқысты, қоқыс жәшігіне жетпей қалған қалдықтарды көреміз. Мұның алдын алу бір ғана адамның қолынан келетін іс емес. Сондықтан челлендждер ұйымдастырып, үндеу жолдап, тұтас қоғам болып атсалысуымыз қажет, – дейді ол. 

ЖАСТАРДЫҢ ҮЛЕСІ МАҢЫЗДЫ 

Жасыл экономика мәдениетін қалыптастыруда жастардың орны ерекше. Себебі, бүгінгі жастардың табиғатқа деген көзқарасы ертеңгі қоғамның экологиялық келбетін айқындайды. Әлеуметтік желілер арқылы экологиялық акциялар ұйымдастыру, сенбіліктер өткізу, ағаш отырғызу, қоқыс жинау, эко-пакеттер қолдану сияқты бастамалар көпшілікке үлгі бола алады. 

Жайнар Ардаққызы экожобалардың тек қоршаған ортаны қорғаумен шектелмей, экономикалық тұрғыдан да пайдасы зор екенін айтады. 

– Экожобалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Мәселен, ауылдық жерлерде қоқыс сұрыптау орындары ашылса, жұмыссыз азаматтар үшін тұрақты қызмет көзі болар еді. Су, жел, күн энергиясы станциялары іске қосылса, электр энергиясына кететін шығынды азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар экотуризм секілді жаңа бағыттарды ауданға әкелу керек деп ойлаймын. Жобаға қатысу барысында біз өзге қатысушылардың жұмысынан да көп нәрсе үйрендік. Қандай қалдықтардың сұрыпталатынын, табиғатқа ненің зиян, ненің пайдалы екенін тереңірек түсіндік. Осындай жобалардан кейін эко-пакет қолдануды, қоқыс қалдықтарын мүмкіндігінше жинап жүруді әдетке айналдырдық, – дейді ол. 

Жасыл экономика ауылдық жерлер үшін де маңызды. Ауылда табиғатпен етене өмір сүретін тұрғындар жердің, судың, ауаның қадірін жақсы біледі. Сондықтан ауылдық аймақтарда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың мүмкіндігі мол. 
Махамбет ауданы секілді өңірлерде жасыл экономиканы дамыту үшін бірнеше бағытқа басымдық беруге болады. Біріншіден, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру қажет. Екіншіден, елді мекендерді көгалдандыру, ағаш отырғызу, су көздерін қорғау жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Үшіншіден, мектеп¬терде, балабақшаларда, мәдениет үйлерінде экологиялық тәрбиеге арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылғаны жөн. 

Сонымен қатар аудан аумағында экотуризмді дамытуға да мүмкіндік бар. Табиғаты көркем жерлерді қорғап, тарихи- мәдени орындарды экологиялық туризммен байланыстыру арқылы ауыл экономикасына серпін беруге болады. Бұл бағыт бір жағынан табиғатты сақтауға, екінші жағынан жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етеді. 

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК 

Жасыл экономика – тек экономикалық бағдарлама емес, ол – өмір салты. Ол өндірісте де, тұрмыста да, білім мен тәрбиеде де көрініс табуы керек. Табиғатқа жанашырлық таныту, ресурстарды үнемдеу, қалдықты азайту, қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру – әрбір азаматтың қолынан келетін іс. 

Қазақ халқы ежелден табиғатпен үйлесімде өмір сүрген. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылдың өзі халқымыздың табиғатқа деген құрметін көрсетеді. Бүгінгі Жасыл экономика бағыты да осы ұлттық ұстаныммен үндеседі. Келер ұрпаққа таза табиғат, жасыл желек, қауіпсіз орта қалдыру – бүгінгі қоғамның басты міндеті. Ол үшін әр адам өз ауласынан, өз көшесінен, өз ауылынан бастауы керек. Себебі, жасыл болашақ үлкен мінбердегі сөзден емес, қарапайым күнделікті әрекеттен басталады. 
Қазіргі таңда табиғатты сақтай отырып, дамуды үйренген елдер ғана алға шығады. Ескі, қоршаған ортаға зиянды технологияларға байланып қалған мемле¬кеттер уақыт көшінен қалып қоюы мүмкін. Сондықтан Жасыл экономикаға көшу – Қазақстан үшін стратегиялық таңдау. 

Бұл бағытта мемлекеттік деңгейде нақты міндеттер қойылып, жаңартылатын энергия, қалдықтарды қайта өңдеу, ағаш отырғызу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары қолға алынуда. Ендігі міндет – осы бастамаларды әр өңірде, әр ауылда, әр отбасында нақты іске айналдыру. Жасыл экономика – жарқын болашақтың кепілі. Ал табиғатты қорғау – бүгінгі ұрпақтың ертеңгі ел алдындағы аманаты. 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT