Орманды өрттен қорғайық!

Жаз мезгілінде орман өртінің қаупі айтарлықтай артады. Орман өрттері адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, жануарлар дүниесіне зиян келтіріп, табиғи байлықтардың жойылуына және орасан зор материалдық шығындарға әкеледі.

Осыған байланысты өрт қаупі жоғары кезеңде облыс әкімі Серік Шәпкеновтің шешіміне сәйкес мемлекеттік орман қоры аумақтарында уақытша шектеу шаралары енгізілді. Атап айтқанда, азаматтардың орман алқаптарына кіруіне, көлік құралдарының қозғалысына және орман қоры аумағында өрт қаупін арттыратын жұмыстарды жүргізуге шектеу қойылады. 

Орман өрттерінің  негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы және адамның жауапсыз әрекеттері. Сондықтан әрбір азамат өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы қажет. 

Орман өртін сөндіру өте қиын. Өрт құрғақ шөп пен ағаштарды тез шарпып, қысқа уақыт ішінде үлкен аумаққа таралады. Қалың орманда жалын минутына бірнеше метр жылдамдықпен таралып, бірнеше сағат ішінде ауқымды өртке айналуы мүмкін. Қатты жел соққан кезде өрттің таралу жылдамдығы бірнеше есе артып, оны ауыздықтау қиындай түседі. 

Өрт шыққан жағдайда ең алдымен қауіпсіз жерге шығып, өрт сөндіру қызметіне дереу хабарлау қажет. Мүмкіндік болған жағдайда өрттің таралуына жол бермеу үшін топырақ немесе құм сеуіп, жалынды оқшаулауға болады. Алайда өз өміріңізге қауіп төндіретін әрекеттерге бармаған жөн. 

Орман өрті табиғатқа орны толмас, орасан зор залал келтіреді. Оның салдарынан өсімдіктер мен жануарлар дүниесі зардап шегеді, сирек кездесетін аң- құстардың мекені жойылады, өңірдің экожүйесіне қауіп төндіреді. Сонымен қатар электр мен байланыс желілері, ағаш көпірлер және басқа да халық шаруашылығы нысандары жойылады. 
Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ парызымыз. Орманды өрттен сақтау арқылы біз қоршаған ортаны, табиғи байлықтарды және келешек ұрпақтың амандығын қорғаймыз. Ендеше, табиғат байлығын өрттен қорғайық! 


Айдана ЖЕКСЕНБАЙ, 
Махамбет орман және 
жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің эколог маманы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT