ОРАЗАҢ ҚАБЫЛ БОЛСЫН, ҰСТАҒАН ЖАН!

Иман

Бүгін қасиетті Рамазан айының бірінші күні

ОРАЗАҢ ҚАБЫЛ БОЛСЫН, ҰСТАҒАН ЖАН!

Баршамызды жоқтан бар еткен Жаратқан Жаббар Иемізге сансыз шүкіршілік айтып, күллі үммет үшін қасиетті саналған Рамазан айына аман-есен жетіп отырмыз. Бұл ай  - мейірім мен кешірімге бөленіп, сабыр мен шүкірге ұмтылатын, жүрекке иман нұры ұялайтын уақыт. Ораза тұту арқылы адам баласы нәпсісін тәрбиелеп, жан дүниесін тазартып, Жаратушыға жақындай түседі. Осы орайда Рамазан айының мән-маңызы, оразаның шарттары, пітір садақа берудің тағылымы жайында кеңірек білу мақсатында ауданымыздың бас имамы Ибадуллаев Нұрбек Махмудұлымен сұхбаттасқан едік.

- Нұрбек Махмудұлы, бүгін он екі айдың сұлтаны, қасиетті  Рамазан айының бірінші күні. Оразаңыз қабыл болсын!  Мұсылман күнтізбесіндегі айлардың ішіндегі Рамазан айының ерекшелігі туралы айтып берсеңіз?

-Аса қамқор, мейрімді Алла тағала атымен бастаймын! Күллі мұсылман баласының  асыға күтетін, қимастықпен шығарып салатын қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Алланың разылығы үшін тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын! Алла тағала мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндер мен айлар бар. Сол қасиетті айлардың бірі де бірегейі - Рамазан айы. Бұл ай мейірім мен кешірімнің, сабыр мен шүкірдің, рухани тазару мен тақуалықтың  айы. Бұл сауаптар еселеніп жазылатын ай. Рамазан - нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Исламның бес парызының бірі – осы Рамазан айында ораза тұту болып табылады.  Сондықтан дінімізде оған ерекше мән беріледі.  Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды.  Пайғамбар Мұхаммед(с.ғ.с): «Ораза - шыдамның жартысы, ал шыдам -сенімнің жартысы» деген екен.  Оразаны басқа ешқандай құлшылықпен салыстыруға болмайды.  Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз  Мұхаммедке (с.ғ.с): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды.  Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін» деп айтқан.  Алла Тағала оразаны алдыңғы пайғамбарлардың қауымдарына парыз еткендей, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) де үмбетіне, яғни біздерге де Рамазан айында 30 күн ораза тұтуды парыз етті.  Бұған байланысты  Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер!  Өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етіледі.   Мүмкін тақуалыққа  қол жеткізерсіңдер» дейді.  Енді осы айдың туғанын көре тұра, оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі.  Өйткені, ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Бұл Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын туыдырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал.  Өйткені, аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілетінін атап өттік.  Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ болып, соның себебіннен ғибадаттан, Раббысының рахымына  жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.  Рамазан - айлардың  сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай.

-Ораза  ұстау кімдерге парыз ?  Оразаны парыз ететін шарттарға тоқталып өтсеңіз?  

-Ораза  тек мұсылмандарға парыз.  Сондықтан  жаңадан мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына қаза керек емес.  Олардың бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі.   Құранда Алла Тағала: «Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі.   Ал егер олар қайталанса, сонда өткендердің де үкімі орындалады» деген болатын. Балиғатқа толмаған балаларға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан әмір оларға жүктелмейді.  Ақыл-есі ауысқан адамға ораза парыз емес.   Пайғамбарымыз(с.ғ.с) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды.  Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін  ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға».  Яғни сана аса маңызды.   Алланың әмірі саналы жандарға  ғана келген.  Сонымен қатар хайыз, нифас кездегі әйелдер, өзі немесе баласына  зиян тиюі ықтимал екіқабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге парыз емес.   Бірақ кейін қазасын өтейді.  Кәрі адамдар(ораза ұстауға күші жетпейтін) ораза орнына фидия береді. Бұл дегеніңіз, бір жарлының бір күндік тамағын немесе құнын ақшалай беруі керек.  Егер әлдекім  90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса,  ораза  ұстамауына рұқсат.

Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін Хижра деп атайды.  Осы жылдан бастап мұсылмандардың хижра жыл санауы бастау алған.  Сол Хижраның екі жылы, Шағбан айының соңғы күнінде Алла Тағала мұсылмандарға Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті.  Сол уақыттан бері барша мұсылман қауымы жыл сайын Рамазанда бір ай бойы ораза тұтып келеді.  Ораза дұрыстығына қажетті шарттар барын айта кетсек артық болмас еді.  Оларға мыналар жатады.  Ең бірінші ниет, одан кейін ораза бұзылмауы(біле тұра жеп-ішпеуі, ұмытып жеп-ішкен кісінің оразасы бұзылмайды, біле тұра жұбайымен жақындаспау). Сонымен қатар өзін-өзі құстырмау.  Құсық өзі келсе,  ораза бұзылмайды.  Кімде-кім өздігінен келген құсықты біле тұра жұтса, құсық ауыз толарлық көлемде болса, онда оразасы бұзылып, кейін қазасын өтейді.  Негізсіз болмауы, яғни, кәпір кісінің ораза ұстауы негізсіз. Етеккір кезіндегі әйелдің ораза тұтуы негізсіз.  Оразаның өзіндік әдептері де бар. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіне тұру.   Оның уақыты-түн жарымы ауғаннан таң сәріге дейін.  Ауыз ашуға асығу - ораза тұтқан адам күн батқаннан кейін не ақшам намазының азаны айтылған соң бірден ауыз ашу-сауапты іс.  Күнделікті  ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар  жасау.  Оразаны бұзатын істерге бармау. Күндіз ораза ұстап жүргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп-жемеу немесе ер мен әйелдің жақындаспауы керек.

- Мың айдан да қайырлы, қасиетті саналатын Қадір  түнінің маңызы қандай?  

- Бұл түн туралы Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде айтылған.  Бес аяттан тұратын сүреде Құран Қадір түнінде түсірілгені баяндалады.  Оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште  Алланың әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады.   Қадір түні періштелер  мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады.  Жасалған мың айға, яғни, 83 жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін  құлшылықпен өткізуге тырысады. Қадір түнінің сауабынан құр қалмауды ойлаған тақуа кісілер ораза айының соңғы он күнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысқан.  

Биылғы жылы  қасиетті Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге (26-27-ші рамазан) сәйкес келіп тұр. Бұл түнді ғибадатпен өткізгендер үшін  таң атқанға дейін Алланың рахымы мен есендігі жауатыны айтылған.   Пайғамбарымыз: «Алла Қадір түнін үмбетіне сый ретінде  тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың  қадірін білуге шақырған. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім  тек қана Алладан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі» дейді.   Ол түнді бос өткізбей,  дәрет алып, екі бас намаз оқып, Алла Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн.   Енді бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады» дейді.  Қадірім артсын десеңіз, Қадір түнінің қадірін біліңіз.  Бұл түні таң ағарғанға дейін Алла Тағаланың мейрімі төгіліп тұрады.

- Рамазан айында берілетін пітір садақаның мақсаты не? Оның мөлшері қалай есептеледі?

-          Пітір - оразаның  қате-кемшілігін толтыратын, Құдайға шүкіршілік  ету  үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.  Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалар арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.   Бұл айда садақа беру ләзім.  Жалпы пітір садақа Һижраның  2-ші жылы Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп етілді.   Ол отбасындағы әр адам басына өлшеніп есептелген.  ҚМДБ шешімі бойынша биылғы жылы пітір құны бір адамға -735 теңге болып бекітілген.   Бұл садақаны Ораза айт намазына дейін береді. Ауқатты адамдар үшін 2 кг мейіз (6400 т), немесе 4 кг құрма (12400 т) беру абзал.  Кезінде Пайғамбарымыз: «Осындай күнде(айт мейрам) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер» деген екен.   Пітір садақа 2 келі бидай (ұн, талқан т.б) не арпамен де есептелген.   Дегенмен, азық-түлік  орнына ақша құнын берген абзал.  Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаны ұнмен есептеуге пәтуа беруге рұқсат етті.   Олай болса, қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, Аллаға көптеп зікір айтып, Пайғамбарымызға(с.ғ.с) салауаттар жолдап,  садақа беріп, нәпіл намаз, қаза намаздарды оқып, қасиетті Қадір түнін құлшылықпен өткізіп, мол сауап алайық.   Көрші-көлемдермен қарым-қатынасты жақсартып, ағайын-туыспен тату болып, ренжіскендер бір-бірін кешіріп, сыйластығын арттырып, осылайша береке-бірлікпен Ислам дінін дәріптесек, нұр үстіне нұр болар еді.  Рамазанда жақсылықтарға жетуді, игіліктерге кенелуді нәсіп етсін. Құран түсе бастаған қасиетті айда жасаған әрбір дұға-тілегіміз қабыл болсын. Ұстаған оразаларыңыз сауапты, берген садақамыз қабыл болсын.   

 

-          Рамазан айында жарапазан айтудың мәнін кеңінен түсіндіріп берсеңіз?  

-          Жарапазан - Жаратушы Хақ Тағалаға, ардақты  Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту.   «Баймұхамед үмметіңе жарапазан, қабыл болсын оразаң ұстаған жан» деген жыр жолдарының өзі  адамзаттың асылы, он сегіз мың ғаламның  сардары болған Пайғамбарымызға(оған да Алланың салауаты  мен сәлемі болсын) айтылған салауат  белгісі. Ақиқатында  Жарапазан жыры - елімізге асыл дініміз Ислам арқылы келіп, бүкіл ұлысқа кеңінен таралып, берік орныққаннан кейін тұрмыс-салт жырларының қатарынан көрініс тапқан діни-фольклолық мұра.

-Ассалаумағалайкуи дәуіт ғалам, байларға осы үйдегі бердік сәлем.

Дін сәлем беріп, сәлем алған, қолдасын баршаңызды Хақ Тағалам, - деп келетін жолдар бар екен

Қазақтың халық ауыз әдебиетінің тарихи тамырына көз жіберсек, жарапазан-дін салты мен ұғымынан туған жыр.  Ислам дінінде мұсылман баласына жылына 30 күн ораза тұту, күніне 5 рет намаз оқу, сондай-ақ жоқ-жітікке, жетім-жесірге қайыр-садақа беру секілді міндеттер парыз болып жүктелген.  Осы парыздарды халыққа түсінікті жеткізу үшін үгіт-насихат түріндегі халықтық поэзияны пайдаланған.  Сондықтан дін қағидалары ел арасына халық поэзиясының үлгілері бойынша тарап кетті.   Дінді  ұғындыру үшін  өлең түрінде  жеткізу қолайлы көрінген.   Екіншіден, біздің  қазақ сауықшыл, өлеңшіл, өлең сөзіне ден қойғыш халық емес пе?! Осындай қоғамдық жағдайлардан соң  жарапазан өлеңдері туған. Көпшілік  ауызашар кезінде  ауылдың  ән-жырға бейім жастар жиылып, әр үйдің тұсына келіп, Жарапазан айтады.  Оны ешкім ерсі санамаған.  Әр  үй шама-шарқынша сыйлық беріп, жарапазан айтушыларды риза қылған.  Жарапазан айтыла келе әбден қалыптасқан жаттанды шумаққа айналған.  Бұрын Жарапазанды ең алдымен шаңырақты, үйдің иесін мадақтау, Ислам діні шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айту, соңы бата берумен аяқталған екен.  Әр айтушы мәтінді  бұзбай, өз ойынан шумақтар қосып та айта берген.  Мәселен, үй иесінің жомарттығын, марапатын айтып, оған алғыс-тілегін  жеткізген дейді.   Кейде жарапазаншылар көңілінен шықпаған жандарды келекелеп, оны  әзіл-қалжыңға айналдырған.  Ерте кезде сонау жоқ-жітік заманда  Жарапазанды дүние табу кәсібіне айналдырғандар да болған екен.   Ораза айында ел-жұрттың көңілін көтеріп, Ислам дінін насихаттау, елді шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған.  Оған жастар мен балалар атсалыса жүріп,  үлгі-өнеге алған.  Кеңестік дәуірде шектеулер салдарынан ұмытылған Жарапазан Ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа енді.  Жарапазан айтуға негізі балалар араласқан. 

-          Сұхбатыңыз  үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан: А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT