МАХАМБЕТ АУДАНЫНЫҢ ТУМАСЫ, БҮГІНДЕ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА ТҰРАТЫН МӨЛДІР ЕРЛАНОВА ҮШ ЖЫЛДАН БЕРІ KASPI SELLER ПЛАТФОРМАСЫ АРҚЫЛЫ КӘСІП ЖҮРГІЗІП КЕЛЕДІ. НЕГІЗГІ МАМАНДЫҒЫ ИНЖЕНЕР-ТЕХНОЛОГ БОЛҒАНЫМЕН, ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫС КЕЗІНДЕ БАСТАҒАН ІСІ БҮГІНДЕ ОТБАСЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ КӘСІБІНЕ АЙНАЛҒАН. КЕЙІПКЕРІМІЗ ОНЛАЙН САУДАНЫҢ ҚЫР-СЫРЫН, КЕЗДЕСКЕН ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ЖӘНЕ БҰЛ САЛАНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕП БЕРДІ.
ДЕКРЕТТЕН БАСТАЛҒАН КӘСІП
Қазіргі таңда электронды коммерция кәсіптің жаңа бағытына айналып отыр. Бұрын дүкен ашып, жалға алу, жөндеу жұмыстарын жүргізу міндетті саналса, бүгінде шағын қоймамен-ақ еліміздің түкпір-түкпіріне тауар сатуға мүмкіндік бар. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып жүргендердің бірі – Мөлдір Ерланова.
– Негізгі мамандығым – инженер-технолог. Мамандығым бойынша үш жыл жұмыс істедім. Кейін тұрмыс құрып, декреттік демалысқа шықтым. Сол кезде Түркия, Қытай, Америкадан тауар алдырып, маркетплейстерде сатуды үйрене бастадым. Алғашында тек өзіме қажетті дүниелерді сатып алатынмын. Кейін әлеуметтік желі арқылы аз-аздан сатуды қолға алдым. Сол уақытта маркетплейстерде сауда жасауды үйрететін курстар көбейіп, көп адам осы салаға келе бастады. Бірақ бәрінің бірдей нәтижеге жете алмайтынын да көрдік,- дейді Мөлдір.
Кейін жолдасы Абылай Kaspi Sel ler платформасының жұмысын зерттеп, жеке кәсіпкер ретінде онлайн-дүкен ашады. Оның жұмысы нәтиже бере бастаған соң, отбасы толықтай осы бағытқа бет бұрады.
– Бұл салаға келуге басты себеп декретте үйде бос отырмай, кәсіп жасауды үйрену болды. Жолдасым Абылай Kaspi-дүкен арқылы сауда жасаудың мүмкіндіктерін зерттеп, жеке кәсіпкерлігін ашты. Алғашында мен әлеуметтік желі арқылы саттым. Кейін Kaspi-дүкеннің тиімділігіне көзіміз жеткен соң толықтай осы платформаға көштік, – дейді кәсіпкер.

«БАСТЫСЫ – ТАУАРДЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ»
Кез келген кәсіптің өз қиындығы бар. Онлайн саудада да ең маңыздысы – сұранысты дәл бол¬жай білу. Кейіпкердің айтуынша, бастапқы кезде олар да қателіктер жіберген.
– Онлайн сауданы меңгеру аса қиын болған жоқ. Бірақ ең бастысы – тауарды дұрыс таңдау. Оның жеткізілу жолын, кедендік рәсімдерін, салықты, түсетін пайданы алдын ала есептей білу керек. Жаңадан бастағандардың жиі жіберетін қатесі – маусымдық тауарды шамадан тыс көп алып қою. Сата алмай қалып жататын жағдайлар болады. Мұндай қиындық біздің де басымыздан өтті. Кейде кеден мәселесі немесе тауардың ұзақ уақыт жеткізілуі де жұмысқа әсер етеді, – дейді ол.
Үш жылдың ішінде кәсіп айтарлықтай өскен.
– Бастапқыда күніне 5-10 тапсырыс түссе, қатты қуанатынбыз. Қазір 100-200 тапсырыс қалыпты жағдайға айналды. Ал маусым кезінде 1000 тапсырысқа дейін жеткізген кездеріміз болды. Қазақстанда онлайн сатып алушылардың саны өте көп. Сондықтан дұрыс тауар таңдап, оны уақытында сатылымға шығарып, жарна-масын жүргізсеңіз, нәтижесін береді,- дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, бүгінгі күні тұрмыстық техника мен үйге қажетті бұйымдарға сұраныс жоғары. Сонымен бірге ыдыс-аяқ, киім-кешек және балалар ойыншықтары да тұрақты өтетін тауарлардың қатарында. Тапсырыстардың ба¬сым бөлігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан түседі. Дегенмен бүгінде аудан мен ауылдарда Kaspi Postomat желісінің кеңеюі шалғайдағы тұрғындардың да онлайн саудаға бет бұруына ықпал еткен.
– Қазір күннің ыстығында да, суығында да базар аралаудың қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ қалаған тауарыңды ауылға, тіпті есігіңе дейін алдыруға болады. Оның үстіне базарда сатылатын көптеген тауар өз бағасынан бір жарым-екі есе қымбат тұрады. Біз үшін 20-30 пайыз пайда көргеннің өзі жеткілікті, – дейді ол.
САПА МЕН СЕНІМ – ТАБЫСТЫҢ НЕГІЗІ
Мөлдір Kaspi Seller платформасының ең үлкен артықшылығы – кәсіпті үлкен шығынсыз бастауға мүмкіндік беруінде деп есептейді.
– Бізге үлкен дүкен іздеп, оны жөндеп, жалдап жүрудің қажеті жоқ. Шағын қойма болса жеткілікті. Тіпті кейбір адамдар өз үйінен-ақ жұмыс істейді. Негізгі қызметімен қатар қосымша табыс табатындар да бар. Бұл – кәсіп бастағысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік. Онлайн саудада тұтынушының сеніміне ие болудың өзіндік талаптары бар. Ең алдымен тауардың сапасы маңызды. Клиенттердің пікірлері мен дүкеннің рейтингі үлкен рөл атқарады. Kaspi-де рейтинг төмендесе, дүкеннің жұмысына да әсер етеді. Сондықтан сападан бөлек, ассортименттің мол болғаны дұрыс. Сонымен қатар тауардың сапалы фотосы мен толық сипаттамасы да сатып алушының таңдауына ықпал етеді. Осындай ұсақ көрінетін дүниелер тұрақты клиент қалыптастыруға көмектеседі,- дейді ол.
Соңғы жылдары электронды сауда мәдениеті де өзгергенін де жасырмады.
– Қазір адамдар Instagram, Threads, TikTok, Kaspi, Wildberries сияқты түрлі платформалар арқылы сауда жасайды. Әрқайсысының өз аудиториясы бар. Instagram арқылы сату үшін адамдардың сеніміне кіру керек. Өзіңді көрсетіп, тұрақты контент жариялап отырған дұрыс. Ал Kaspi арқылы сатып алушы өзін қауіпсіз сезінеді. Себебі төлем банк арқылы өтеді, ұнамаса тауарды қайтаруға болады. Бұл саланы бастағысы келетін жастарға берер ең бірінші кеңесім – несие алып бастамаңыз. Алғашқыда аз қаражатпен тәжірибе жинаған дұрыс. Егер тауар өтпей қалса, үлкен шығынға батпайсыз. Сонымен бірге маркетплейстердің жұмысын, заң талаптарын үйрену маңызды. Жүйелі жоспар болғанда ғана нәтижеге жетуге болады,- дейді Мөлдір.
Жас кәсіпкердің алдағы жоспары да ауқымды. Қазақстанда ғана тауар сатып қоймай, көршілес елдерге де шығуды мақсат етіп отыр.
– Ресейдің маркетплейстеріне шығуды ойлағанбыз. Бірақ қазіргі саяси жағдай оған мүмкіндік бермей отыр. Әзірге Астана, Шымкент және Атырау қалаларында қойма ашып, жұмысымызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ең үлкен арманымыз – жеке бренді қалыптасқан кәсіп иесі атану. Ол үшін уақыт, төзім және үздіксіз еңбек қажет,- дейді ол.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы кәсіп жүргізудің жаңа моделін қалыптастырып келеді. Мөлдір Ерланованың тәжірибесі соның нақты дәлелі. Декреттік демалыста басталған шағын іс бүгінде жүздеген тапсырыс қабылдайтын тұрақты кәсіпке айналған. Бұл – заман талабына бейімделіп, білім мен еңбекті ұштастыра білген жанның жетістігі.


