Ойынқұмарлық опық жегізеді

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА ҮНСІЗ ТАРАП ЖАТҚАН, БІРАҚ МЫҢДАҒАН ОТБАСЫНЫҢ ШАҢЫРАҒЫН ШАЙҚАЛТЫП ОТЫРҒАН ҮЛКЕН ДЕРТ БАР. ОЛ — ЛУДОМАНИЯ. БҰЛ ЖАЙ ЕРМЕК ЕМЕС, АДАМНЫҢ АҚЫЛЫН, УАҚЫТЫН, ҚАРЖЫСЫН, БОЛАШАҒЫН БІРТІНДЕП ЖАЛМАЙТЫН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК. БІР ҚАРАҒАНДА ҚАРАПАЙЫМ КӨРІНГЕНІМЕН, АЛАЙДА ОНЫҢ АРТЫ КЕЙДЕ ҚАРЫЗҒА, ҰРЛЫҚҚА, ЖАЛҒЫЗДЫҚҚА, КҮЙЗЕЛІСКЕ, ОТБАСЫНЫҢ КҮЙРЕУІНЕ АЛЫП КЕЛІП ЖА¬ТАДЫ. БҮГІНДЕ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ЛУДОМАНИЯНЫ РЕСМИ ТҮРДЕ ПСИХИКАЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК ҚАТАРЫНА ҚОСЫП ОТЫР. ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖІКТЕМЕСІНДЕ ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛІК АРНАЙЫ АУРУ РЕТІНДЕ ТАНЫЛҒАН. ҚАЗАҚСТАНДА ДА БҰЛ МӘСЕЛЕ КҮН ӨТКЕН САЙЫН ӨЗЕКТІ БОЛА ТҮСУДЕ.

Мамандар мұны жай әдет емес, психологиялық ауру деп түсіндіреді. Себебі бұл кезде адамның миындағы ләззат алу жүйесі өзгереді. Ұтыс кезінде бөлінетін дофамин адамды қайта-қайта сол сезімді іздеуге итермелейді. Басында адам “тек қызық үшін ойнаймын” дейді. Кейін “аз ғана ақша салдым” дейді. Одан соң “бүгін ұтпасам, ертең қайтарамын” деп сенеді. Ақыры тәуелділік адамның өз еркінен күштірек болып шығады. 

Бұрын казиноға бару үшін арнайы орын керек болса, қазір бәрі қалтадағы телефонда. Бірнеше секунд ішінде ойынға тіркелуге, ақша аударуға, бәс тігуге, қайта ойнауға болады. Қолжетімділік артқан сайын тәуелділік те көбейді. Әсіресе, жастар арасында. Қазақстандағы зерттеулерде 14-28 жас аралығындағы жастардың едәуір бөлігі құмар ойындарға қызығатыны айтылған. Кей мәліметте жастардың шамамен 17,8 пайызы ойын тәуелділігі қаупіне бейім екені көрсетілген. Ал ресми мәлімет бойынша Қазақстанда лудомания диагнозымен тіркелген адамдар саны аз көрінгенімен, мамандар көптеген адамның дәрігерге мүлде жүгінбейтінін айтады. Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған деректе арнайы хаттама енгізілгеннен кейін бірнеше жағдай ғана ресми тіркелгені көрсетілген. Бұл - мәселе жоқ деген сөз емес. Керісінше, көп адам өзінің тәуелді екенін мойындағысы келмейді. 

Лудомания бір күнде пайда болмайды. Көп жағдайда бәрі өте қарапайым ба¬сталады. Сосын күтпеген жерден ақша ұтады. Дәл осы сәт - ең қауіпті кезең. Өйткені ми жеңісті есте сақтайды. Адам тағы да сол сезімді сезінгісі келеді. Психологтар мұны “жылдам марапатқа үйрену” деп түсіндіреді. Ұтыс адамға өзін ерекше сезіндіреді, адреналин береді, уақытша қуаныш сыйлайды. Бірақ адам ұтылған кезде де тоқтамайды. Керісінше “қазір қайтарып аламын” деп тағы ойнайды. 

Есірткі немесе алкоголь қолданған адамды байқау оңайырақ болуы мүмкін. Ал лудомания көп жағдайда жасы¬рын өтеді. Адам жұмысқа бара береді, сырттай қалыпты көрінеді, бірақ іштей қарызға батып жатады. Көп лудоман алғашқы кезде ешкімге байқатпайды. Олар телефонды жасырады, банктегі операцияларын көрсетпейді, жалған себеп айтады, өтірікке үйренеді. Reddit платформасындағы талқылаулардың бірінде қазақстандық қолданушы ағасының анасынан бірнеше рет ақша ұрлағанын жазған. Кейін оның букмекерлік ойындарға тәуелді болуы мүмкін екені анықталған. Осындай жағдайлар қоғамда өте көп кездеседі. 

Ойынға тәуелді адам тез күйгелек- тенеді. Ұтылған сайын жүйкесі жұқарады, ұйқының бұзылуы, көп адам түнге дейін ойнайды, таңға дейін телефон ұстап отырады, жалған сөйлеу, тәуелді адам шындықты жасыруға тырысады, жалғыздық, отбасымен араласудан қашады. Бар ойы - қалай ақша табу және қайта ойнау болады. 

Лудоманиядағы ең үлкен психологиялық қақпан — ұтылған ақшаны қайтаруға деген сенім. Бірақ ұтылған сайын қайта ойнай береді. Халықаралық зерттеулерде лудомандардың көбінде “келесі жолы міндетті түрде ұтамын” деген жалған сенім қалыптасатыны айтылады. Осы үміт оларды тоқтатпайды. Тәуелділік күшейген сайын ақша да көбірек қажет болады. Басында жалақысын жұмсайды, кейін жинаған ақшасын салады, сосын несие алады, одан кейін туыстарынан қарыз сұрайды. Кей жағдайда адамдар үйін сатады, көлігін өткізеді, алтын бұйымдарын ломбардқа тапсырады. 

Лудомания тек бір адамның мәселесі емес. Ол тұтас отбасының өміріне әсер етеді. Үйде ұрыс көбейеді, сенім жоғалады, балалар қорқа бастайды, ата- ана күйзеліске түседі. Көп әйел күйеуінің қарызын кейін біліп жатады. Кейбір отбасы несиеден көз ашпай қалады. Ең қиыны - балалардың психологиясына әсері. Әкесінің немесе ағасының күнде ашулы жүргенін көрген бала өзін қауіпсіз сезінбейді. 

Қазіргі әлеуметтік желіде “оңай та¬быс”, “жеңіл ақша”, “сәтті өмір” ту¬ралы контент өте көп. Блогерлердің қымбат көлік мінгенін көрген жасөспірім тез байығысы келеді. Бірақ көп адам сол байлықтың артында не тұрғанын көрмейді. Құмар ойын платформалары жастар психологиясын жақсы зерттеген. Жарқын дизайн, жылдам нәтиже, үздіксіз хабарлама, бонустар, эмоцияға әсер ететін музыка — бәрі адамды ұстап қалуға бағытталған. Тәуелді адамдар жиі айтатын сөз - “мен кез келген уақытта тоқтай аламын”. Бірақ шын мәнінде тоқтай алмайды. Бұл - тәуелділіктің басты белгісі. Көп адам өз проблемасын мойындамайды. Ал мойындалмаған мәселе шешілмейді. 

Көпшілік лудоманияны тек ер адамдарға тән деп ойлайды. Алайда соңғы жылдары әйелдер арасында да ойын тәуелділігі көбейіп келеді. Әсіресе телефондағы ойындар, онлайн казино, түрлі “сәттілік” қосымшалары арқылы. Кей әйелдер мұны жалғыздықтан құтылу ретінде көреді. Бұл сала миллиардтаған қаржы айналдыратын үлкен бизнеске айналған. Сарапшылар Қазақстандағы ойын нарығының көлемі өте үлкен екенін айтады. Кей материалдарда құмар ойындарға қатысты қаржы айналымы жүздеген миллиард теңгеге жеткені көрсетілген. Яғни бұл жай ғана ойын емес, адамның психологиясына негізделген индустрия. Ұзақ мерзімде ұтатын адамнан ұтылатын адам әлдеқайда көп. Себебі ойын жүйелері адамның үнемі жеңуіне емес, қайта-қайта оралуына құрылған. Бүгінде әлеуметтік желіде ірі ұтыстар, табысты ойыншылар, қымбат өмір жиі көрсетіледі. Адам тек нәтижені көреді. Бірақ қарыз, жүйке, отбасылық жанжал, күйзеліс көрсетілмейді. Сондықтан жастар жалған иллюзияға сеніп қалады. Мамандар мынадай белгілерге назар аударуға кеңес береді. Телефонды жасырын қолдану, қарыздың көбеюі, ашушаңдық, ақша жетіспеуі, өтірік айту, түнде ұйықтамау, отбасынан алыстау, ойын туралы жиі ойлау, қайта-қайта ақша іздеу. 

Адам “менде проблема бар” деп мойындамайынша өзгеріс басталмайды. Тәуелді адамға карта лимитін қою, несиеге шектеу жасау, ақшаға бақылау орнату көмектесуі мүмкін. Көп отбасы бұл туралы айтуға ұялып, “ел не дейді?” деп жасырады. Бірақ бұл мәселені одан сайын ушықтыруы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. 


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT