Обадан сақтану – ортақ міндет

Оба – адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Оның қоздырғышы табиғатта жабайы кеміргіштердің арасында сақталып, бүрге, кене сияқты қан сорғыш жәндіктер арқылы таралады. Сондықтан оба ауруының алдын алу – әрбір азаматтың сақтық шараларын қатаң сақтауына байланысты.

Табиғи жағдайда оба қоздырғышы суыр, құмтышқан, су тышқаны, егеуқұйрық және басқа да жабайы кеміргіштердің арасында кездеседі. Сонымен қатар ауруды қарсақ, түлкі, қоян, киік, борсық, ал үй жануарларынан түйе мен мысық жұқтыруы мүмкін. Адамға оба ауруы көбіне ауру жануарлармен немесе оларды паразиттейтін бүрге, кене арқылы жұғады. Сондай-ақ оба жұқтырған жануарларды ұстау, сою немесе олардың етін пайдалану кезінде де жұқтыру қаупі жоғары. Әсіресе ветеринариялық тексеруден өтпеген түйе етін тұтыну өте қауіпті.

Кеміргіштер арасында оба тараған кезде олардың жаппай қырылуы немесе әлсіреген күйде жүруі байқалады. Мұндай жағдайда олардың өлексесіне жақындамау қажет. Сондай-ақ ит пен мысық ауру кеміргіштерді немесе олардың бүргелерін үй маңына алып келуі мүмкін екенін естен шығармаған жөн. 

Аурудың алғашқы белгілері әдетте жұқтырғаннан кейін 2–6 күн ішінде байқалады. Науқастың дене қызуы күрт 39–40 градусқа дейін көтеріліп, басы қатты ауырады, әлсіздік пайда болады. Қолтық асты, мойын немесе шап тұсындағы лимфа бездері ісініп, қатты ауырады. Дерт асқынған жағдайда өкпе зақымдалып, науқас жөтелген кезде оба қоздырғышын айналасына таратады. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері байқалған сәтте-ақ медициналық көмекке жүгіну қажет. Өз бетінше ем қабылдау немесе халықтық ем- домға жүгіну аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. 


Оба ауруының алдын алу үшін мынадай сақтық шараларын ұстанған жөн: 

– ауру немесе әлсіреген жабайы аңдар мен кеміргіштерге жақындамаңыз және оларды ұстамаңыз;

– балалардың кеміргіштер індерінің маңында ойнауына жол бермеңіз; 

– суыр, құмтышқан және басқа да кеміргіштердің індері орналасқан жерлерге қоныстанбаңыз және түнеуден аулақ болыңыз; 

– түйе ауырған жағдайда міндетті түрде ветеринариялық маманға хабарласып, оның рұқсатынсыз малды соймаңыз және етін пайдаланбаңыз; 

– тұрғын үйлер мен қора- жайларда кеміргіштер немесе бүргелер анықталған жағдайда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті мекемелерге хабарласыңыз. 

Мамандар ұсынған жағдайда обаға қарсы екпеден бас тартпау қажет. Вакцина аурудың алдын алуға және жұқтырған жағдайда оның ауыр түрінің дамуына жол бермеуге көмектеседі. Оба – алдын алуға болатын ауру. Ол үшін әр азамат індеттің таралу жолдарын біліп, қарапайым сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет. «Сақтансаң – сақтаймын» деген халық даналығы бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. 


И.САРБАЛИНА, 
аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесі зертханасының меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT