О.Шонаев атындағы орта мектеп - үздіктер қатарында

Жаңа оқу жылы қарсаңында Махамбет ауданының білім саласында тағы бір жағымды жаңалық орын алды. О.Шонаев атындағы орта мектеп «Үздік мектеп – 2026» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болып, марапатталды.

Жыл бойы білім беру сапасын арттыру, оқушылардың білім жетістіктерін көтеру, педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізген білім ордасының еңбегі осылайша лайықты бағасын алды.

Мектеп директоры Нұржанат Балтабайқызы бұл жетістікті бір адамның емес, бүкіл ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі деп бағалады.

– «Үздік мектеп – 2026» номинациясында жүлделі орынға ие болу – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл жетістіктің артында әріптестеріміздің күнделікті тынымсыз еңбегі, ізденісі мен шәкіртке деген жанашырлығы жатыр. Сондықтан ең алдымен ұйымшыл ұжымымызға шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан ата-аналарымыз бен білімге ұмтылған шәкірттеріміздің де бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта да бірлігімізді бекем ұстап, білім сапасын арттыру жолындағы еңбегімізді жалғастыра береміз. Мектебіміздің мерейі үстем болып, шәкірттеріміздің жетістігі көбейе берсін! – деді мектеп директоры.

Бұл марапат – білім ордасының бүгінге дейін атқарған жұмысына берілген баға ғана емес, алдағы уақытта жаңа жетістіктерге ұмтылуға серпін беретін үлкен сенім.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT