Бүгін еліміз үшін маңызды саяси оқиға – жалпыхалықтық референдум өтуде. Осыған орай ауылдағы №232 учаскелік референдум комиссиясы таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастады. Учаскеде дауыс беру үдерісі белгіленген тәртіпке сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде жүргізілуде.
Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Э. Саликованың айтуынша, комиссия мүшелері таңертеңнен бастап сайлаушыларды қабылдауға толық дайын болды. Дауыс беру басталған сәттен-ақ ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасау үшін учаскеге келіп, белсенділік таныта бастады.
Ауыл бойынша жалпы сайлаушылар саны – 397 адам. Референдум өткізу үшін учаскеге барлығы 401 бюллетень алынған. Бұл өз кезегінде дауыс беру үдерісін заң талаптарына сай жүргізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ауылда денсаулық жағдайына байланысты референдум учаскесіне келе алмайтын тұрғындарға да жағдай жасалған. Атап айтқанда, 16 тұрғынға үйден дауыс беру ұйымдастырылмақ. Бұл – әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына мүмкіндік беретін маңызды шаралардың бірі.
№232 учаскеде алғашқы болып дауыс берген ауыл тұрғыны – Хамзағали Айғаным. Ол ел болашағына бейжай қарамай, референдумға қатысудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, учаскеде дауыс беру үдерісі талапқа сай өтіп, тұрғындардың белсенділігі байқалуда. Комиссия мүшелері сайлаушылардың өз таңдауын еркін жасауына барлық жағдай жасап, референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуде.
#МенДауысБердім #ЕлімҮшінТаңдау #РеферендумғаБардым
Ш.Төлегенова


