Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық «Аруана» әжелер ансамблі Ақжайық, Жалғансай және Таңдай ауылдарына гастрольдік сапар жасап, ауыл тұрғындарына концерттік бағдарламасын ұсынды. Шығармашылық кездесу ұлттық өнерді дәріптеп, ауылдар арасындағы рухани байланысты нығайтқан тағылымды шараға айналды.
ӨНЕР САПАРЫ – ЕЛГЕ МЕРЕКЕ
Гастрольдік сапардың алғашқы күні ұжым Ақжайық ауылында өнер көрсетті. Өнерпаз әжелерді ауыл тұрғындары мен мәдениет үйінің ұжымы жылы қарсы алып, шығармашылық сапарына сәттілік тіледі. Концерт барысында қазақтың халық әндері, х алық композиторларының шығармалары және көпшілікке кеңінен танымал әндер орындалды. Әндердің әрқайсысы ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Концерт соңында ауыл тұрғындары өнер ұжымына алғыстарын айтып, осындай кездесулердің жалғасын табуына тілектестіктерін білдірді.
Өнер керуенінің келесі бағыты Жалғансай ауылы болды. Бұл ауылдағы кездесу де ерекше әсерге толы өтті. Әжелер ансамблінің орындауындағы халық әндері көрермендерді өткен күндердің естеліктеріне жетелеп, ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. Жалғансай жұртшылығы да өнерпаз аналарды зор ықыласпен қарсы алып, концерт аяқталғаннан кейін ризашылықтарын білдіріп, шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі. Гастрольдік сапардың қорытынды концерті Таңдай ауылында өтті. Мұнда да өнерсүйер қауым концертті үлкен ықыласпен тамашалады. Әрбір орындалған шығарма көрерменнің көңілінен шығып, кеш соңында жиналған жұртшылық ансамбль мүшелерін ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті.

Халықтың ыстық ықыласы мен шынайы қошеметі өнер адамдары үшін ең үлкен марапат екені осы кештерде анық аңғарылды. 2022 жылы «Аруана» әжелер ансамбліне «Халықтық» атағы берілді. Бұл – ұжымның ұзақ жылғы шығармашылық ізденісі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осы уақыт ішінде ансамбль облыстық және аудандық байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды.
– «Аруана» ансамбліне 2022 жылы «Халықтық» атағы берілді. Бұл – біздің ұжым үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осы жыл¬дар ішінде облыстық және аудандық байқауларға қатысып, бірнеше мәрте лауреат атандық. Әр жетістігіміздің артында ансамбль мүшелерінің еңбегі мен өнерге деген сүйіспеншілігі жа¬тыр. Біз үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы мен ақ батасы. Ұлттық өнерімізді кейінгі ұрпаққа насихаттау жолындағы еңбегіміз алдағы уақытта да жалғаса береді, – дейді ан¬самбль жетекшісі Роза Сүгірова.
ХАЛЫҚ ЫҚЫЛАСЫ – БАСТЫ МАРАПАТ
Таңдай ауылындағы концерттен кейін көрермендер өнерпаз аналарға ақ тілектерін арнап, шығармашылық ұжымның еңбегіне жоғары бағаларын берді. Солардың бірі – Таңдай ауылының тұрғыны, ақжаулықты ана Жаңылдық Қожақызы.
– Өнерпаз аналардың , замандастарымның өнеріне дән ризамыз. Қазақ – өнерді қастерлеген халық. Осындай ән кештері жанымызға қуаныш сыйлап, өткенді еске түсіреді. Өнерлеріңіз өрлей берсін, елдің ықыласына бөлене беріңіздер, – деп ақжарма тілегін жеткізді.
Мұндай жылы лебіздер ансамбль мүшелеріне шығармашылық шабыт сыйлап қана қоймай, олардың еңбегінің халық тарапынан жоғары бағаланатынын көрсетті. Бүгінде «Аруана» әжелер ансамблі тек концерттік ұжым ғана емес. Бұл – ұлттық өнерді ұлықтап, халқымыздың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын кейінгі ұрпаққа насихаттап келе жатқан шығармашылық ұжым. Әжелер орындауындағы әрбір әннен туған жерге деген сүйіспеншілік, ата дәстүрге деген құрмет, елге деген махаббат пен өмірлік тәжірибе көрініс табады.
Осындай шығармашылық кездесулер ауыл тұрғындарының мәдени өміріне серпін беріп қана қоймай, ауылдар арасындағы рухани байланысты нығайтуға да ықпал етеді. Ақжайық, Жалғансай және Таңдай ауылдарында өткен концерттер ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, өнердің адамдарды жақындастыратын үлкен күш екенін айқын көрсетті. Сонымен қатар Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары да өз өнерлерін көрсетіп, мәдени шараның жоғары деңгейде өтуіне үлестерін қосты.

Гастрольдік сапар барысында ауыл тұрғындары өнерпаз аналарды ерекше ықыласпен қарсы алып, концерттерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысты. Бұл – ұлттық өнерге деген құрметтің, ауылдағы мәдени өмірге деген жанашырлықтың көрінісі. Шығармашылық сапардың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Ақжайық, Жалғансай және Таңдай ауылдық округтерінің әкімдіктеріне, мәдениет үйі қызметкерлеріне және өнерсүйер көрермендерге ансамбль мүшелері шынайы ризашылықтарын білдірді.

Қазақ халқында «Өнерлі ел – өрелі ел» деген тағылымды сөз бар. Сол өнерді дәріптеп жүрген ақ жаулықты аналардың еңбегі қашанда құрметке лайық. «Аруана» әжелер ансамблінің бұл гастрольдік сапары ұлттық өнерді ұлықтап, ауылдар арасындағы мәдени байланысты нығайтқан тағылымды шара ретінде көпшілік жадында сақталары сөзсіз.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ


