ӨНЕР ӨРІНЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАН ТҮЛЕКТЕР

Зәмзәм Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінде «Өнерлі болу – арманым» атты 2025-2026 оқу жылының қорытынды есеп беру концерті өтті. Өнер мен тәрбиені қатар ұштастырған тағылымды кеш жас таланттардың бір жылдық еңбегін қорытындылап қана қоймай, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеген ерекше мерекеге айналды.

ҮЗДІКТЕР ШЕРУІНЕ 33 ОҚУШЫ ҚАТЫСТЫ 

Өнер – ұлттың рухани байлығы, халықтың жүрек үні. Осы құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңіріп, олардың шығармашылық қабілетін дамыту жолында табанды еңбек етіп келе жатқан өнер мектебінің басты мақсаты – дарынды балаларға сапалы музыкалық және көркемөнер білімін беру, ата-бабадан жеткен дәстүрлі ән, жыр-терме, күй өнерін келер ұрпаққа аманаттау. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек, аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева, аудандық мәслихат аппаратының, Жастар ресурстық орталығының өкілдері, ата-аналар мен өнерсүйер қауым қатысты. 

Кеш басталмас бұрын мәдениет үйінің фойесінде көркемсурет және киімді көркемдеп үлгілеу сыныптары оқушыларының шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған суреттер мен сәндік киім үлгілері жас өнерпаздардың талғамы мен шеберлігін айқын аңғартты. Салтанатты жиында алдымен оқу жылын үздік нәтижемен аяқтаған шәкірттердің шеруі өтті. Кейін өнер мектебінің 33 түлегіне аттестат табысталып, олардың үлкен өмірге жолдамасы іспетті қуанышты сәттері көпшілік алдында аталып өтті. Өнер мектебінің директоры Эльмира Еспусинова оқу жылын қорытындылап, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктеріне тоқталды. 

– 2025-2026 оқу жылы мектебіміз үшін табысты жыл болды десем артық емес. Халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқауларда шәкірттеріміз жүлделі орындардан көрініп, өнер мектебінің мерейін үстем етті. Бұл жетістіктер ұстаздардың қажырлы еңбегі мен оқушылардың талпынысының нәтижесі. Бүгінгі мереке – сол еңбектің жемісі. Өнер мектебінен түлеп ұшқан шәкірттердің өнер жолы әрдайым ашық болсын,- деді мектеп директоры. 

«ЖЫЛ ҮЗДІГІ» – РАМИЛЬ ЕЛЕМЕСОВ 

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек өнер ордасының ұжымын құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. 

– «Өнер – адамның рухани азығы, халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы рухани болмысы» демекші, жас ұрпақты өнерге баулып, олардың үлкен өмірге сеніммен қадам басуына ықпал етіп отырған ұжымның еңбегі зор. Бұл білім ордасының алар асуы әлі алда деп сенемін,- деді аудан әкімінің орынбасары. 
Салтанатты кеш барысында жыл бойы шығармашылық белсенділігімен ерекшеленген ұстаздар марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хаттары ұстаздар қауымына табысталса, бірқатар педагог аудандық білім бөлімі, аудандық мәслихат, Жастар ресурстық орталығы, «Amanat» партиясы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен өнер мектебінің Алғыс хаттарына ие болды. 

Сонымен қатар оқу жылының қорытындысы бойынша арнайы номинациялар жарияланды. Атап айтқанда «Жыл үздігі» – Рамиль Елемесов, «Үздік ансамбль» – Айдана Өмірбекова, «Үздік шеберлік сабақ» – Жанерке Қадыржанқызы, «Үздік ашық сабақ» – Аружан Төлеген, «Үздік көрме» – Іңкәр Марат, «Үздік бірлестік» – Мәрзия Нысанова, «Үздік тәрбиелік шара» – Шынаргүл Қобыланова, «Үздік сынып жетекші» – Айгүл Нұрмұханова және «Жыл белсендісі» – Назгүл Айдарбаева. 

Марапат иегері Назгүл Айдарбаева да әріптестерін құттықтап, өз әсерімен бөлісті. 

– Бүгінгі есептік концертте марапатқа ие болған әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Аудан әкімінің Алғыс хатымен және «Жыл белсендісі» номинациясымен марапатталдым. Бұл – ортақ еңбектің жемісі. Шәкірттеріміздің жеңісі көбейіп, өнеріміз өркендей берсін, – деді ол. 

ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШТЕ ТАЛАНТТАР ТОҒЫСТЫ 

Концерттік бағдарлама төрт бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімді ішекті аспаптар бірлестігі ашты. Бірлестік жетекшісі – республикалық және облыстық байқаулардың лауреаты, педагог-модератор Рамиль Елемесов. Қазіргі таңда бұл бірлестікте 11 мұғалім қызмет атқарып, дом¬быра, жетіген және шертер сыныптарында 140 оқушы білім алуда. 

Есептік концерт шымылдығын республикалық «Өмір гүлі» байқауының І дәрежелі лауре¬аты «Зәмзәм мұрагерлері» домбырашылар ансамблі түрді. Жас күйшілер «Би» және «Қосбасар» күйлерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахна төрінде республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары Дәурен Дүйіш, Ажар Сырым, Еркеғали Нияз, Нұрәли Муса өнер көрсетті. Әсіресе, Қаршыға Ахмедияровтың «Қуаныш» күйін орындаған Нұрәли Мусаның шеберлігі көрермендердің зор қошеметіне ие болды. 

Бағдарламаның екінші бөлімі «Көркемөнер» бірлестігінің шығармашылық жұмыстарына арналды. Бірлестікте 11 мұғалім еңбек етіп, 152 оқушы білім алады. Көрермендер түлектердің дипломдық жұмыстарымен, сәндік киім үлгілерімен және сурет көрмесімен танысты. 

Үшінші бөлімде ысқышты, клавишті және ұрмалы аспаптар бірлестігінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті. Облыстық байқаулардың жүлдегерлері Айсұлтан Рахметолла «Париж аспаны астында» шығармасын орындаса, жас пианист Таңшолпан Асқар нәзік те әсерлі «Тал¬шын» туындысын шебер жеткізді. Сонымен қатар мектеп түлегі Саида Аманерқызы ксило¬фонда өнер көрсетіп, сырнайшылар ансамблі халық әні «Бипылды» орындады. 

Концерттің қорытынды бөлімі вокал және аспаптық вокал бірлестігінің өнеріне арналды. Бұл бірлестікте 12 мұғалім қызмет етіп, 77 оқушы білім алуда. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Айзара Хайыр, Ерқанат Сайын, Айзере Хайыр және дәстүрлі ән сыныбының дарынды шәкірттері сахнаға шығып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сый¬лады. Ерқанат Сайын орындаған Алтынбек Қоразбаевтың «Қара шал» әні көрерменнің ерекше ықыласына бөленсе, Айзере Хайырдың орындауындағы «Айша бибі» әні кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды. Концерт соңында облыстық «Жас музыкант» байқауының жүлдегері «Шабыт» хор ұжымы «Қазақстан – Отаным менің» әнін орындап, ал өнер мектебінің түлектері «Бірлігіміз жарасқандай» әнімен қорытынды қойылым жасады. 

Айта кетейік, Зәмзәм Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебі 1973 жылдан бері аудан балаларына өнер мен білімнің нәрін сеуіп келеді. 2023 жылы жаңа заманауи ғимаратқа қоныс аударған білім ордасында бүгінде 14 мамандық бойынша 61 педагог қызмет етеді. Мектепте 442 оқушы білім алуда. 

Жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер мектебі осы уақыт ішінде талай таланттың тұсауын кесіп, өнер әлеміне қанат қақтырды. Бүгінгі есептік концерт – сол еңбектің заңды нәтижесі, шәкірт пен ұстаздың шығармашылық ізденісінің жарқын көрінісі болды. Өнерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарға деген құрмет жас ұрпақтың бойынан табы¬лып тұрғанда бұл өнер ордасының шамшырағы сөнбек емес. Керісінше талантты шәкірттердің жеңісі мен жетістігі арқылы жарқырай түсетіні анық. 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT