Өнегелі отбасылар – ел мерейі

Отбасы – қоғамның берік негізі, ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі. Дәстүр мен өнегені ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, татулық пен еңбекті өмірінің басты ұстанымына айналдырған жанұяларды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл да жалғасын тапты. Махамбет ауданында байқаудың аудандық кезеңі қорытындыланып, көпке үлгі болған отбасылар марапатталды.

Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев қатысып, байқауға қатысқан жанұяларға жылы лебізін білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде отбасы құндылықтарының қоғам өміріндегі орнына тоқталып, бала тәрбиесі, өзара сыйластық, еңбекқорлық пен ұлттық салт-дәстүрді сақтау әр шаңырақтың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар облыстық кезеңге жолдама алған отбасыларды құттықтап, алдағы байқауға сәттілік тіледі.

Биылғы аудандық кезеңге Махамбет, Алға, Есбол ауылдық округтері мен Сарайшық ауылынан Сарсеновтер, Әміровтер, Қабиповтар, Қабесовтар, Боранбай және Зұлқашевтар отбасылары қатысты. Әр шаңырақ өздерінің отбасылық тарихын, еңбек жолын, қалыптасқан дәстүрін, ұрпақ тәрбиесіне деген көзқарасын және қоғамдық өмірдегі белсенділігін таныстырды.

Байқауға қатысушылардың әрқайсысы – өз ортасында сыйлы, кейінгі буынға өнеге көрсетіп жүрген отбасылар. Олардың өмір жолынан үлкенге құрмет, кішіге ізет, адал еңбек пен береке-бірліктің маңызын аңғаруға болады. Осындай отбасылардың тәжірибесін насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың отбасына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік мол.

Байқау барысында қатысушы отбасылардың тыныс-тіршілігі туралы бейнебаяндар көрсетіліп, олардың жетістіктері мен отбасылық дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылды. Шағын бейнематериалдар арқылы әр шаңырақтың өзіндік тарихы, отбасы мүшелерінің еңбегі мен қоғамдық ортадағы белсенділігі көрініс тапты.

Қорытындысында Алға ауылынан қатысқан Боранбай отбасы аудандық кезеңнің жеңімпазы атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Сонымен бірге Махамбет ауылынан Зұлқашевтар отбасы облыстық кезеңге қатысушы ретінде анықталды.

Салтанатты жиында жеңімпаздар мен байқауға қатысқан барлық отбасыларға алғыс білдіріліп, арнайы марапаттар табысталды. Бұл – олардың отбасы құндылықтарын дәріптеуге қосқан үлесіне берілген лайықты баға.

Шара соңында аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік кештің мазмұнын толықтырды. Әсем ән мен күйге ұласқан кеш қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Мерейлі отбасы» байқауы – жай ғана жарыс емес, ел ішіндегі өнегелі шаңырақтарды танытып, олардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі ететін маңызды жоба. Берекелі отбасы көбейген сайын қоғамның да іргесі беки түсері сөзсіз.

Аудандық кезеңде топ жарған Боранбай және облыстық кезеңге жолдама алған Зұлқашевтар отбасына алдағы сынға сәттілік тілейміз!

Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT