СІЗ БЕН БІЗДІҢ ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН БҮГІНГІ ҚОҒАМДА ТАҒДЫРДЫҢ АУЫР СЫНАҒЫНА ҰШЫРАСА ДА АЙНАЛАСЫНА ҮМІТ СЫЙЛАП, ӨЗГЕЛЕРГЕ ЖІГЕР БЕРІП ЖҮРЕТІН ЖАНДАР БАР. ОЛАР ӨМІРДІҢ ҚИЫНДЫҒЫНА ШАҒЫМДАНБАЙДЫ. КЕРІСІНШЕ, ӘР ТАҢДЫ ЖАҢА МҮМКІНДІК ДЕП ҚАБЫЛДАП, ӨЗДЕРІ СЕКІЛДІ ТАҒДЫРЛАС ЖАНДАРДЫҢ ӨМІРІНЕ ЖАРЫҚ СӘУЛЕ СЫЙЛАУҒА ҰМТЫЛАДЫ. СОНДАЙ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ – ГҮЛШАТ ИМАНАЛИЕВА. ОЛ КӨРУ ҚАБІЛЕТІ ТОЛЫҚ БОЛМАСА ДА, ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫН ЖОҒАЛТПАҒАН, ТАҒДЫРДЫҢ ТОСЫН СЫНАҒЫН ҚАЙСАРЛЫҚПЕН ЕҢСЕРІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАН. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ҚАЗАҚСТАН ЗАҒИПТАР ҚОҒАМЫНЫҢ АУДАНДАҒЫ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ ӨЗІМЕН ТАҒДЫРЛАС ЖАНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРІП, ОЛАРДЫҢ ҚОҒАМНАН ШЕТ ҚАЛМАУЫНА КҮШ САЛЫП КЕЛЕДІ.
«МЕН ӨЗГЕЛЕРГЕ КЕРЕК ЕКЕНІМДІ СЕЗІНГІМ КЕЛДІ...»
Қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленіп, бала күнінен еңбекке жақын болып өскен кейіпкеріміз Гүлшат Иманалиеваның білімге деген құштарлығы оны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экономика факультетіне алып келді. Университетте екі курс білім алғанымен, түрлі себептерге байланысты оқуын аяқтай алмайды. Көп адам үшін бұл үлкен өкініш болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол өмірінде бір ғана есіктің жабылғанына қарап, барлық мүмкіндік жоғалды деп ойлаған емес. Өмірдің әр кезеңі адамға жаңа жол ашатынына сенді. Бүгінде ол – төрт қыздың аяулы анасы, шаңырағының берекесін кіргізіп отырған ардақты жар. Жолдасымен бірге он алты жылдан бері бір-біріне сүйеніш болып келеді.
Көз жанарының әлсіреуі көп адамның өмірін өзгертеді. Бірі тұйықталып кетсе, енді бірі қоғамнан алшақтай бастайды. Өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында өз қабілетіне сенбей, көпшілік ортадан қашқақтайтындар аз емес. Гүлшат мұндай көзқарасты өзгерткісі келетін. Сол ойын сезгендей, оған 2023 жылы Қазақстан зағиптар қоғамының Махамбет ауданындағы өкілі болу ұсынысы түседі. Содан бастап ол өзінің ғана емес, тағдырлас жандардың да қоғамға қажет екенін сезіндіруді өмірлік мақсатына айналдырды. Бұл – жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік. Өйткені оның қарамағында бүгінде елуден астам қоғам мүшесі бар. Бірі жаңадан тіркеледі, бірі басқа қалаға көшіп кетеді. Соған қарамастан әр адамның жағдайымен танысып, мәселесін тыңдап, қолдау көрсету күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналды.
Қоғамдық бірлестіктің жұмысы Атырау облыстық филиалына қарасты болғанымен, біз аудан әкімдігімен, жергілікті кәсіпкерлермен үнемі байланыста боламыз. Өйткені қоғам мүшелеріне көмек қажет болғанда бірінші кезекте аудан азаматтарының қолдауына сүйенеміз, – дейді ол.
Гүлшаттың жұмысын тек қағаз толтыру немесе есеп беру деп түсінуге болмайды. Оның қызметі адамдардың тағдырымен тікелей байланысты. Бір қоғам мүшесіне шипажайға жолдама қажет, бірі әлеуметтік көмекке зәру болса, тағы бірі мәдени шараға қатысқысы келеді. Осындай мәселелердің бәрі алдымен аудан өкілінің алдынан өтеді. Жыл сайын қоғам мүшелері Алматы қаласындағы «Тамаша жай» шипажайында ем алып, тынығады. Оған кейде өзі барса, келесіде қоғам мүшелерін жіберіп отырады. Өйткені оның ойынша, мүмкіндік бір адамға ғана емес, барлығына тең берілуі керек. Шипажайға барған зағип жандар түрлі шараларға қатысып, өнер көрсетеді. Өзара тәжірибе алмасады, жаңа таныстар табады, өмірге деген құлшыныстары артады. Бұл – олардың қоғамға бейімделуінің бір жолы.
Гүлшат сөз арасында зағиптар қоғамдық бірлестігінің бар екенін көпшілік біле бермейтінін, тіпті, кейбір азаматтардың атын естігенде таңданыс білдіріп жататын айтып қалды. Оның сөзінде реніштен гөрі, жанайқай басым. Өйткені ол ешкімнен артықшылық сұрап отырған жоқ. Тек қоғам мүшелерінің де қоғамның толыққанды азаматы екенін ұмытпаса екен дейді. Әрбір мәдени шарада, әрбір қайырымдылық акциясында, әрбір қоғамдық бастамада зағип жандардың да орны болғанын қалайды. Өйткені мүмкіндігі шектеулі болу – қоғамнан шет қалу деген сөз емес. Керісінше, оларды қоғамға жақындату – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Біз күнделікті өмірде бардың қадірін бағалай бермейміз. Ал көру қабілеті шектеулі адамдар әрбір адамның дауысынан мейірімді сезеді, әрбір жылы сөзден үміт табады. Гүлшаттың өмірлік ұстанымы да қарапайым – «қолынан келгенше адамдарға көмектесу». Ол жоғары жалақы үшін еңбек етіп жүрген жоқ. Айлығы жүз мың теңгеге де жетпейді. Жұмысы төрт сағаттық болғанымен, үздіксіз келетін телефон қоңырауы мен адамдардың мәселесі жұмыс уақытымен шектелмейді. Біреу кеңес сұрайды, біреу құжат мәселесімен хабарласады, енді бірі жай ғана мұңын бөліскісі келеді. Ал ниет болған жерде мүмкіндік те табылады. Тағдырдың сынын көрген жан үшін отбасының сенімі – өмірдің ең үлкен байлығы. Осындай сәттердің бәрінде Гүлшат ешкімді кері қайтармауға тырысады. Өйткені ол өзін ең алдымен қызметкер емес, тағдырлас адамдардың жанашыры деп санайды.
ҚОҒАМНАН ШЕТ ҚАЛМАУДЫҢ ЖОЛЫ – БІРГЕ БОЛУ
Кейде қоғамдағы ең үлкен кедергі – мүмкіндігі шектеулі адамның денсаулығы емес, оған деген көзқарас. Адам өзін қажетсіз сезіне бастағанда ғана жалғыздықтың салмағы артады. Мұны Гүлшат Иманалиева жақсы түсінеді . Сондықтан оның ең басты міндеті – зағип жандардың қоғамнан оқшауланып қалмауына ықпал ету.
– Менің ойымда үнемі адамдарға қалай көмектесемін деген ой жүреді . Өзім секілді жандар қоғамның бір мүшесі екенін сезінсе екен деймін. Әр адамның өз орны бар. Біз де өзгелер сияқты еңбек етіп, демалып, өнер көрсетіп, ел-мен бірге өмір сүргіміз келеді, – дейді ол. Сондықтан олар шақырту түссе, ешбір шарадан қалмауға тырысады. Мәдени кеш немесе қайырымдылық акциясы болсын, облыстық немесе республикалық деңгейдегі кездесу болсын бәріне қоғам мүшелерін қатыстырып, олардың ортаға араласуына жағдай жасауға күш салады.
Зағип жандар арасында өнерге бейім азаматтар аз емес. Тек олардың талантын елге танытып, қанаттандыратын жан керек. Махамбет ауданындағы сондай өнерлі жандардың бірі – Арман Дүйсенқұлов. Ол І топ мүгедегі болса да, өнерден қол үзген емес. Бүгінде аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде еңбек етіп, түрлі ән байқауларына қатысып жүр. Гүлшат оның әрбір жетістігін өз жеңісіндей қабылдайды.
– Арман ән бағытында өтетін облыстық, республикалық байқауларға жиі қатысады. Осындай азаматтардың жетістігі бізге де күш береді. Олар өзгелерге үлгі болады, – дейді ол.
Қоғам мүшелерінің арасында спортпен айналысатын азаматтар да баршылық. Әсіресе соңғы уақытта тоғызқұмалаққа қызығатын жастардың қатары көбейіп келеді. Алайда арнайы көлік қарастырылмағандықтан спорттық жарыстарға қатысудан тыс қалып жатады. Соған қарамастан бірлестік өкілі қол қусырып отырмай, «мүмкін емес» деген сөзді айтқаннан гөрі, мүмкіндік іздеуді жөн көреді. Бірде әкімдік өкілдері, бірде жанашыр азаматтар көмек қолын беріп жатады. Соның арқасында қоғам мүшелері түрлі шараларға қатысып, ауданның ғана емес, облыстың намысын қорғап жүр. Гүлшаттың айтуынша, Махамбет ауданындағы кәсіпкерлердің қолдауы ерекше. Әсіресе жаз және күз айларында қолдан келгенше қоғам мүшелеріне көкөніс, ет және азық-түлік таратуға атсалысады.
Жақында қоғам мүшелеріне тағы бір қуанышты хабар жетті. Атырау облысындағы «Атамекен» демалыс орны он шақты қоғам мүшесін табиғат аясындағы демалысқа шақырған. Бұл жаңалықты бірлестік өкілі ерекше қуанышпен қабылдаған. Шын мәнінде, мұндай қамқорлықтың материалдық көмектен де маңызды тұстары бар. Ол – адамның қоғамға керек екенін сезіндіру.
Қоғамдық жұмыстың жауапкершілігіне қарамастан, Гүлшат үшін ең қастерлі міндет – ана болу. Ол – төрт қыздың анасы. Кенже қызы бүгінде екі жаста ғана. Көп ана бұл уақытта бала күтімімен үйде отыруды жөн көруі мүмкін. Ал Гүлшат өзінің сүйікті жұмысына қайта оралды. Себебі ол өзінің тағдырлас жандарына қажет екенін біледі. Әрине, мұның бәрі оңай емес. Бір жағында отбасы, бір жағында қоғамның жұмысы. Бірақ ол ешқайсысын бөліп-жармайды. Өйткені оның жүрегінде анаға тән мейірім мен адамға деген жанашырлық қатар өріліп жатыр. Бұл – оның адамдық болмысының тағы бір қыры.
Кейде бір адамның өмірі тұтас қоғамға ой салады . Гүлшат Иманалиевамен әңгімелескенде оның бірде-бір рет өзінің тағдырын айтып мұң шақпағанына еріксіз назар аударасың. Керісінше, әр сөзінің арасында өзінен гөрі өзге адамдардың мәселесін көбірек қозғайды. «Қалай көмектесуге болады?», «Қандай мүмкіндік бар?», «Қоғам мүшелерін қалай ортаға тартамыз?» деген сауалдар оның күнделікті жұмысының өзегіне айналған. Бұл – жай ғана қызмет емес, жүрек қалауымен атқарылып жүрген миссиядай көрінеді.
ӘР ЖЕТІСТІК – ОРТАҚ ҚУАНЫШ
Гүлшат Иманалиеваның жетекшілік етуімен бүгінде қоғам мүшелері түрлі мәдени және қоғамдық шараларға тұрақты қатысып келеді. Облыстық кездесулер, республикалық байқаулар, қайырымдылық кештері олардың өмірінің бір бөлшегіне айналған. Әрбір жетістік – тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның жеңісі. Себебі бір адамның жетістігі өзгелерге де үміт сыйлайды. Сондықтан Гүлшат әрбір қоғам мүшесінің өнерін, қабілетін байқап, оларды түрлі шараларға қатыстыруға ерекше мән береді. Кейде жол мәселесі қолбайлау болады, кейде қаржы жетіспейді, кейде көлік табылмайды. Соған қарамастан, ол ешқашан әрекетсіз отырған емес, тығырықтан шығар жол іздейді. Өйткені ол бүгінгі мүмкіндік ертең бір адамның тағдырын өзгертуі мүмкін екенін жақсы біледі. Бір- біріне қолдау көрсететін ортада өмір сүру кез келген адамға күш береді.Осы орайда Гүлшат Иманалиева аудан тұрғындарының жанашырлығын ерекше атап өтеді.
– Жасыратыны жоқ, қай жерге барсақ та осы ауданның үлкен-кішісі құрметін көрсетіп, мүмкіндігінше көмектесіп жатады. Осындай қолдауды көргенде еңбегіміздің зая кетпегенін түсінеміз, – дейді ол.
Ойланып қарасақ, адамның мүмкіндігін оның денсаулығы емес, жүрегінің кеңдігі анықтайды. Көзі көрмесе де, жүрегіндегі жарық сәулесін жоғалтпаған жан өзгелерге де соны сезіндіре алады. Бүгінде ол тек Қазақстан зағиптар қоғамының аудандық өкілі ғана емес, ол ондаған адамға жігер сыйлаған жанашыр, төрт қыздың ардақты анасы, отбасының ұйытқысы, жарының сенімді серігі және қоғамның белсенді мүшесі. Ал ерекше күтімді қажет ететін жандар үшін мұндай жанашырлықтың орны тіпті бөлек. Расында да, мүмкіндігі шектеулі адамның ең үлкен арманы – аяушылыққа ие болу емес, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік алу.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА


