Мен үлгі тұтатын тұлға

Адам өмірінде бағыт-бағдар беретін, бойына жақсы қасиеттерді сіңіретін ерекше жандар болады. Олар – біздің өмірлік ұстазымыз, ақылшымыз әрі тірегіміз. Мен үшін сондай жан – менің әкем.

Мен әкемді тек әкем болғаны үшін ғана емес, оның адал еңбегі, адамгершілігі мен қайсар мінезі үшін мақтан тұтамын. Әкем ұзақ жылдар бойы полиция қызметкері болып еңбек етті. Ол қоғамдағы тыныштық пен тәртіпті сақтауға, адамдардың қауіпсіз өмір сүруіне өз үлесін қосты. Полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті, батылдықты және табандылықты талап ететін мамандық. Әкем осы жолда антына адал болып, қызметін абыроймен атқарды. Қандай қиындық кездессе де, әділдіктен айнымай, өз міндетін адал орындады. Бүгінде әкем зейнеткер. Дегенмен, оның өмірлік ұстанымы мен тәрбиесі біздің отбасымыздың берік негізі болып қала береді. Ол бізге әрдайым еңбекті бағалауды, адал болуды, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқорлық жасауды үйретеді. Әкемнің әрбір айтқан ақыл- кеңесі мен үшін өмірлік сабақ іспетті.

Мен әкемнің қарапайымдылығын, сабырлылығын және мейірімділігін ерекше бағалаймын. Ол отбасының бақыты мен берекесін бәрінен жоғары қояды. Қандай жағдай болмасын, бізге қолдау көрсетіп, дұрыс шешім қабылдауға бағыт береді. Осындай асыл қасиеттері арқылы ол менің ғана емес, айналасындағы адамдардың да құрметіне бөленген жан. Мен болашақта әкем сияқты еліне адал қызмет ететін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, халқының сеніміне лайық азамат болғым келеді.

Өйткені адамның өмірдегі ең үлкен байлығы – артында қалатын жақсы аты мен адал еңбегі. Әкем осының жарқын үлгісін көрсетіп келеді. «Әке – асқар тау» дейді халқымыз. Шынында да, әке – отбасының қорғаны, баласының сенімді тірегі. Мен өз әкемді мақтан тұтамын және оның өмір жолын өзіме әрдайым үлгі етемін. Осындай ардақты әкенің перзенті болғанымды үлкен бақыт деп санаймын. 


Альбина ҒАБДЫРАХИМ, 
7-сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT