Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздігіміздің тұғыры, халқымыздың бірлігі мен егемендігінің нышаны.
Мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау және олардың мәртебесін арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен елтаңбасының заң талаптарына сәйкес орналастырылуы қадағаланып, рәміздердің техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Жыл басынан бері округ аумағындағы мекемелерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Тозығы жеткен немесе стандартқа сәйкес келмейтін Туларды ауыстыру, рәміздерді орналастырудағы кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдырында, мәдениет және спорт мекемелерінде мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге бағытталған патриоттық іс-шаралар, тәрбие сағаттары, кездесулер мен акциялар ұйымдастырылып келеді. Мерекелік және қоғамдық маңызы бар іс-шаралар Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталып, тұрғындар арасында рәміздерге деген құрметті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы. Сондықтан олардың мәртебесін көтеру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің еңсесін көтеріп, тәуелсіздігімізді айшықтайтын қасиетті құндылықтар. Оларды құрметтеу – әрқайсымыздың ортақ борышымыз.
Г.Джапарова
Ақжайық ауылдық округі
әкімі аппаратының бас маманы


