Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар бөлу жыл сайын тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Осынау берекелі бастаманың нәтижесінде ауданда 2024 жылы - 25 адам, 2025 жылы - 20 адам мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болып, жеке кәсібін бастады. Биылғы жылы да грантқа үміткерлер арасынан комиссия шешімімен тағы 25 адамға мүмкіндік берілмек. Алғашқы лек бойынша грантқа өтінім қабылдау маусым айының 24-інде басталып, 8 шілдеге дейін жалғасатын болады.
Осыған орай ауданға Атырау еңбек мобильдігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев арнайы келіп, мемлекеттік гранттарды тағайындау жөніндегі аудандық комиссия мүшелерімен кездесті. Мемлекеттік бағдарламаның маңызына ерекше тоқталып өткен ол грант қаражатын мақсатсыз пайдаланушылардың да барын жасырмады. - Грант алған сәттен бастап кәсіпкерге бизнес-жоспарды іске асыру және қаражатты игеру үшін нақты мерзім бекітіледі. Сол уақыт ішінде грант алушы сатып алынған құрал-жабдықтарды, шикізатты немесе мал басын растайтын құжаттарды порталдағы жеке кабинетіне жүктеуі тиіс. Бір жыл бойы орталық мамандары мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады. Көрсетілген мекенжайына барып, сатып алынған мүліктің бар-жоғына, қызмет көрсету орнының нақты жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіп, фото/есеп дайындайды. Ал егер мониторинг барысында қаржының басқа мақсатта жұмсалғаны, ескі қолданыстағы құрал-жабдықтарды сатып алып немесе кәсібін бастамағаны белгілі болып, есеп беруден жалтаратын болса, алған қаражаты мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтарылады.
Облыс бойынша 2024-2025 жылдары 291 адам қайтарымсыз грантқа ие болса, оның ішінде 60-тан астамы грант қаражатын өз мақсатына сай жұмсамауына байланысты сот арқылы өндіріліп алынды, - дейді Мереке Василийұлы. Орталық басшысы Мереке Есқалиев өңірде мал шаруашылығы бағытына грант алушылар көп болғанымен, кейін есеп тапсыру кезінде бизнес жоспардағы көрсеткішке сай болмай жататынын, сондай-ақ сатып алған малдары үнемі түзде жүретіндіктен мониторинг жұмыстарын жүргізуге қиындықтар тудыратынын алға тартты. Қазіргі таңда ақылы түрде бизнес жоспар дайындап берушілер көбейгенін, соның салдарынан кейбір азаматтар комиссия алдына келгенде жобасын қорғай алмай қалатын жағдайлар да кездесетінін жасырмады. - Мемлекеттік гранттарды тағайындау аудандық комиссия мүшелерінің шешімімен жүзеге асатындықтан, жобаларды қарау кезінде әрбір өтініш иесіне жанжақты сұрақ қою арқылы мұқият зерделеуді сұраймыз. Себебі, грант қаражатын иеленген әрбір азаматтың бастаған кәсібі тек бір жылмен шектелмей, алға қарай да жалғастырып кетуі тиіс. Өкінішке орай, бізде келісімшарт аяқталған соң кәсібін тоқтатып, қайтадан жұмыссыз ретінде тіркелетіндер бар. Бұл мемлекет қаржысын желге ұшырғанмен тең. Сондықтан мұндай кемшілікке жол бермеуміз керек, - дейді ол. Еңбек мобильділігі орталығының субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, жинақтау және талдау бөлімінің басшысы Аяулым Ахаева 2024-2025 жылдар бойынша берілген гранттар жөнінде тоқталып өтті. Өткен жылы ауданда қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған 20 азаматтың 17-сі жұмыссыз ретінде, 3-еуі жеке кәсіпкер ретінде өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алған. Оның ішінде 4-еуі – мүмкіндігі шектеулі жан, 14-і – көпбалалы отбасы санатынан, 2-еуі – атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Аталған грант иегерінің ішінде барлығы 7 адам мал және құс шаруашылығын, 6 адам тігіншілік ісін және стильді суреттерді басып шығаруды, 2 адам тамақ өндірісі бағытын таңдаған.
Сонымен қатар 1 адам автокөлік жөндеу және шиномонтаж орталығын іске қосса, 1 адам кондиционерлеу және тоңазытқыш жүйелерін жуу және 1 адам тұрғын үйлерге еурожөндеу қызметтерін көрсетіп отыр. Бұлардың қатарында қураған ағаштарды кесіп, шығаруды жүзеге асыратын кәсіп иесі де бар. Осының нәтижесінде 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. - Орталық мамандары жүргізген мониторинг барысында ауданда қаражатын мақсатсыз пайдалану дерегі анықталмады. Әйтсе де грантқа ие болған 20 азаматтың 6-уы қазіргі таңда өз ісін бастамай отыр, себебі, нөлдік есептер тапсырып отыр. Бұл да өз кезегінде мақсатсыз пайдалану фактілері болып есептеледі. Сол себепті, әрбір азаматтың кәсібін жүргізуге дайындығы мен жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін жан-жақты қарастыру қажет, -- деді бөлім басшысы Аяулым Ахаева. Жиын барысында сөз алған аудандық мәслихат төрағасы және аудандық грант комиссиясының төрағасы Қ.Мажиев ауылдық елді мекен тұрғындарынан түсетін мал шаруашылығын дамыту бағытындағы бизнес жобаларды қарау барысында сол ауылдық округтің әкімдерін қатыстыруды, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Марал Қалиева грант иелерімен жасалатын келісімшарт мерзімін үш жылға ұзарту жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Бұл ұсыныстардың ескерілетінін айтқан Атырау еңбек мобильдігі орталығының басшысы Мереке Есқалиев комиссия мүшелерін мемлекеттік грантты тағайындау кезінде бизнес-жобалардың маңыздылығын толықтай елеп-екшеп, жиын барысында атап өткен мәселелерді назарда ұстауға шақырды.
Б.САПАРОВА


