Махамбетте «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты дөңгелек үстел өтті

Махамбет ауданында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 

Танымдық жиын ұрпақ тәрбиесіне мән беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, салт-дәстүрді кейінгі буынға насихаттауға және үлкен мен кіші арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталды.

Іс-шараны аудандық Отбасын қолдау орталығы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, жастар және белсенді ауыл тұрғындары қатысып, ұлттық тәрбиенің маңызы жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Кездесу барысында қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, отбасындағы тәрбие мен үлкенге құрмет көрсету мәселелері кеңінен сөз болды. Ақсақалдар жастарға ақыл-кеңестерін айтып, ұлттық тәрбиенің негізі отбасынан қалыптасатынын атап өтті. Ал жастар өз ой-пікірлерін білдіріп, қазіргі қоғамдағы ұлттық құндылықтардың орны туралы пікір алмасты.

Сондай-ақ жиында ұрпақтар сабақтастығын сақтау, ана тілін құрметтеу, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу бағытында ұсыныстар айтылды.

Басқосу соңында қатысушылар ұлттық тәрбиені насихаттау мен отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Ұлттық тәрбие – ұлттың рухани тірегі. Ал салт-дәстүрді сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT