Махамбет ауданында «Рамазан сыйы» марафоны аясында 30 отбасыға көмек көрсетілді

Махамбет аудандық «Исатай-Махамбет» мешітінде «Рамазан сыйы» республикалық қайырымдылық марафоны аясында әлеуметтік жағынан осал топтарға арналған қайырымдылық шарасы өтті.

Іс-шара барысында 30 отбасыға азық-түлік үлестірілді. Қайырымдылық көмек алған жандар ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, мұндай игі бастамалардың жалғасын табуына тілектестік танытты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара – әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған тұрақты жобалардың бірі. Осындай қайырымдылық акциялары арқылы мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетіліп қана қоймай, қоғамда жанашырлық пен мейірімділік құндылықтары нығая түседі.

Махамбет аудандық мешітінің бас имамы Нұрбек Махмудұлы қасиетті айдың мән-маңызына тоқталып өтті.

— Қасиетті Рамазан айының артықшылықтары өте көп. Бұл – қайырымдылық пен сауап айы. Мешіттеріміз қашанда қамкөңіл жандарды назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі қайырымдылық шарасы да соның бір көрінісі. Шараға ат салысқан кәсіпкерлерге ризашылығымызды білдіреміз. Рамазан айында жасаған істеріміз сауаптан болсын. Баршаңызға амандық тілеймін, — деді бас имам.

Айта кетейік, «Рамазан сыйы» — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен қолға алынған республикалық қайырымдылық шарасы. Жоба ҚМДБ жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы жүзеге асырылады. Акция аясында қасиетті Рамазан айында мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылып, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіледі.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT