Көктемнің шуағын ала келген ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Махамбет ауданында ерекше сән-салтанатпен тойланды. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде ұйымдастырылған мерекелік шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге мүмкіндік берді.
Мереке қарсаңында аудан алаңында алты бірдей киіз үй тігіліп, әрқайсысы ұлттық нақышта безендірілді. Киіз үйлерде аудан мекемелері мен ұйымдары қонақтарды қарсы алып, ақ дастарқан жайды. Тұрғындарға қазақтың дәстүрлі тағамдары – наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, қонақжайлықтың үлгісі көрсетілді. Бұл – бірлік пен берекенің, молшылық пен татулықтың белгісіндей әсер қалдырды.
Ұлттық ойындар да мерекенің ажырамас бөлігіне айналды. Алаңда арқан тартыс, қазақ күресі, алтыбақан сынды ойындар ұйымдастырылып, оған ауыл жастары мен тұрғындары белсене қатысты. Күш пен ептілікті, батылдық пен ұйымшылдықты талап ететін сайыстар көпшіліктің қызығушылығын оятып, ерекше тартысты өтті.
Мерекелік бағдарламаның сәнін кіргізген – аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары болды. Олар әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашып, көрермендерге әсерлі қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар, Махамбет ауылына қарасты елді мекендерден келген өнер ұжымдары да өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық мәдениеттің байлығын паш етті.

