Қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақ тілі - әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, көркем тілдердің бірі.
Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Тіл – әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл - халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы.
Қазақ тілі - халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан -ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұрамыз. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.
Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс- тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” - деген. Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қарап, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиіс.
Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – тіл мәртебесіне нұқсан келтіруде. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің “Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік” -деп ашына айтқан сөзі ойға оралады.
Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағына да қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ата-анамызды қадірлегеніміздей, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу - ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Сондықтан өзгенің емес, өз ана тілімізді ұлықтап, мәртебесін асырайық!
Н.КАБЕНОВА,
аудандық сот әкімшісі
басшысының орынбасары


