ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларымыз бен бапкерлерімізді арнайы қабылдап, еңбектерін жоғары бағалауы – ұлттық спортқа көрсетілген үлкен құрмет деп білемін.

Көшпенділер ойындары – жай ғана спорттық дода емес. Бұл – ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызды, ұлттық болмысымыз бен рухымызды әлемге танытатын үлкен алаң. Сондықтан Қазақстан құрамасының жалпы есепте бірінші орын алып, 74 медаль, соның ішінде 32 алтын жүлде иеленуі – барша халқымызға ортақ қуаныш.

Өзім де көкпармен айналысып жүргендіктен, ұлттық спорттың адам бойына батылдық, ептілік, төзімділік пен намыс секілді қасиеттерді қалыптастыратынын жақсы білемін. Бүгінде көкпар, аударыспақ, бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді төл спорт түрлеріне жастардың қызығушылығы артып келеді. Осындай халықаралық жеңістер сол қызығушылықты одан әрі күшейтіп, ауылдағы жас спортшыларға үлкен жігер береді деп ойлаймын.

Президентіміздің жеңімпаздарға көрсеткен құрметі – ұлттық спорт жолында жүрген әрбір азаматқа берілген қолдау. Ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларымыздың жеңісі құтты болсын! Алдағы уақытта да көк туымызды әлемдік додаларда биіктен желбірететін саңлақтарымыз көбейе берсін.

 

Абылай Ұлықпанов,
көкпаршы, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері,

Махамбет ауданы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT