ҰЛТТЫҚ МҰРАҒА ҚҰРМЕТ

Ұлттық домбыра күніне орай «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен ауылдық мәдениет үйі бірлесіп «Қос ішектің құдіреті» атты мерекелік сазды бағдарламаны ұйымдастырды. Ұлттық өнерді ұлықтауға арналған тағылымды кешке ауыл тұрғындары, өнерсүйер қауым мен жас буын қатысты.

Шара барысында «Жұлдыз» өнер мектебінің шәкірттері қазақтың халық күйлері мен белгілі композиторлардың шығармасын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Күй өнерінің көркемдігі мен домбыраның қоңыр үні мерекелік кештің сәнін келтіріп, ұлттық мұрамыздың құндылығын тағы бір мәрте айшықтай түсті. 
Кеш аясында ұлттық өнерді насихаттайтын кітап көрмесі ұйымдастырылып, музей-қорық қызметкерлері домбыра тарихына арналған арнайы көрмені көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар домбыраның шығу тарихы жайында танымдық мәліметтер беріліп, өнер мектебі шәкірттерінің аудандық, облыстық және республикалық байқаулардағы жетістіктері таныстырылды. 

Шараның басты ерекшелігі – белгілі күйші, өлке тарихының жанашыры Қуанғали Қаштеұлы Жұмалиевтің жеке қорынан жасақталған көрме болды. Онда өнер иесінің ұзақ жылдар бойы жинақтаған тарихи мұралары алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушысы Әсем Шеркешбаеваның айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – өңіріміздің өнер тарихына қатысты құнды жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыру. 

– Бұл көрмеге Қуанғали Қаштеұлының жеке пайдаланған әрі тарихи маңызы бар жәдігерлері қойылды. Атап айтқанда күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының нақты туған жылын анықтауға арналған көпжылдық зерттеу еңбектерінің материалдары, күйшінің төл шығармалары жазылған үнтаспа мен байырғы музыка ойнатқышы, оркестр құрамында өнер көрсеткен сахналық киімі және өмір бойы серік еткен қасиетті домбырасы көпшілікке ұсынылды. Бұл жәдігерлер тек өнер иесінің өмір жолынан сыр шертпей, өңіріміздің мәдени мұрасының бір бөлшегі ретінде ерекше құндылыққа ие, – деді Әсем Шеркешбаева. 

Мерекелік кеш барысында жас күйшілердің орындауындағы күйлер көрерменге ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал Қуанғали Жұмалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме келушілердің қызығушылығын тудырып, тарихи мұраға деген құрметті арттыра түсті. 


Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT