Ел болашағын айқындайтын, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын аса маңызды құжат - Конституцияның жаңа жобасы қоғамда кең көлемде талқылануда. Жаңа заң жобасы тек заңгерлер мен саясаткерлерге ғана қатысты мәселе емес, әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін тарихи қадам болғандықтан мен де осы елдің азаматы ретінде өз пікірімді білдіргім келеді.
Осыдан тура отыз жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ел дамуының басты бағдары болып, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етті. Дегенмен уақыт ағымы, қоғам сұранысы, жаһандық өзгерістер жаңа реформаларды талап етеді. Сондықтан Конституцияға енгізілген өзгерістер – заман талабынан туындаған қажеттілік.
Бүгінгі өзгерістердің басты мақсаты – әділетті қоғам құру. Конституциялық реформалар билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтуге, Парламенттің рөлін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл – мемлекетті басқарудың жаңа моделіне көшу деген сөз.
Ерекше атап өтер тұсы ол – адам құқықтарының басымдығына айрықша мән берілуі. Конституциялық Соттың құрылуы – соның айқын дәлелі. Енді әрбір азамат өз құқығы бұзылды деп есептесе, өкілетті органға тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие. Бұл – заң үстемдігін нығайтатын, әділдікке жол ашатын маңызды қадам.
Сонымен қатар, Конституциядағы өзгерістер жер және табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігін нақтылай түсті. Бұл – ел байлығы ең алдымен халық игілігіне қызмет етуі тиіс деген ұстанымды бекемдейді.
Білім саласында еңбек етіп жатқан ұстаз ретінде Конституциядағы әлеуметтік бағыттың күшейтілуін қолдаймын. Әлеуметтік мемлекет қағидатының нығаюы – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының дамуына серпін береді. Жас ұрпаққа құқықтық сауаттылықты үйрету – біздің басты міндетіміз. Заң үстемдігін басты құндылыққа айналдырсақ, болашағымыз баянды болмақ.
А.Есенжан,
Д.Төленов атындағы мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

