Ауылдағы кәсіпкерліктің қанат жаюы жаңа жұмыс орындарының ашылуымен ғана емес, тұрғындарға қажетті қызмет түрлерінің көбеюімен де маңызды. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастауға ниетті азаматтардың қатары артып келеді. Соның бір көрінісі – Махамбет ауылында іске қосылған жаңа көлік жуу орталығы.
Жуырда аудан орталығында «Ерасыл» өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орталығы ашылып, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Жаңа кәсіпкерлік нысанның ашылу шарасына аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев қатысып, кәсіп иесіне сәттілік тіледі.
Жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Ауыл ама¬наты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Аталған бағдарлама ауыл азаматтарына жеңілдетілген несие алып, жеке кәсібін бастауға немесе жұмыс істеп тұрған ісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Осындай қолдауды пайдаланған ауыл тұрғыны Фархад Жолдасов көлік жуу қызметін қолға алған.
– Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі осындай нақты жобалардан көрінеді. Ең бастысы – тұрғындар ұсынылған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашуға ұмтылуы. Әрбір жаңа кәсіпкерлік нысан ауылдың экономикалық белсенділігіне оң ықпал етеді. Фархадтың бастаған ісіне береке, кәсібіне табыс тілеймін, – деді аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Жаңа орталықтың ерекшелігі, мұнда көлікті арнайы қызметкер жуып бермейді. Әрбір жүргізуші қажетті қызмет түрін таңдап, көлігін өзі жуады. Яғни тұрғын өзіне ыңғайлы уақытта келіп, аппарат арқылы қажетті режимді қосып, қызметті дербес пайдалана алады.
Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Су, көбік, балауыз, шаңсорғыш және құрғақ тұман секілді қажетті қызметтердің барлығы қарастырылған. Құрылғылардың бір- біріне жақын әрі қолайлы орналасуы да көлік иесінің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Төлем жасау жүйесі де қарапайым әрі қолжетімді. Кәсіп иесі Фархад Жолдасовтың айту¬ынша, мұндай орталық ашу идеясы тұрғындарға қолайлы әрі заманауи қызмет ұсыну ниетінен туған.
– Көлік жуу орны ауылымызға қажет деп ойладым. Мұнда адам ешкімді күтпейді, көлігін өзіне ыңғайлы тәсілмен өзі жуады. Барлық аппаратты барынша ыңғайлы орналастыруға тырыстық. «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, осы жобаны жүзеге асырдық. Орталыққа ұлымның есімін беріп, «Ерасыл» деп атадым. Ендігі мақсат – қызмет сапасын сақтап, тұрғындардың көңілінен шығу, – дейді кәсіпкер Фархад Жолдасов.
Жеке бастаманың мемлекеттік қолдаумен ұштасуы ауылда жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына жол ашып отыр. «Ерасыл» көлік жуу орталығы да – ауыл тұрғынының өз идеясын нақты кәсіпке айналдырып, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалануының бір мысалы.
Қ.БАҒЫТ



