Құрылыс сапасы – халық сенімінің өлшемі

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама деп есептеймін. Себебі кез келген құрылыс жұмысының түпкі мақсаты – халыққа қолайлы жағдай жасау.

Ауылдық жерлерде жол жөндеу, ауызсу жүйесін жаңарту, әлеуметтік нысандар салу сияқты мәселелердің маңызы зор. Мұндай жобалар жүзеге асқанда, ең алдымен, оның тұрғындарға қаншалықты пайда әкелетініне мән берілуі керек. Салынған нысанның сапасы мен ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығы да назардан тыс қалмауы тиіс.

Бағдарлама аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын арнайы комиссияның құрылуы да осы мақсатпен үндеседі. Қоғам өкілдерінің, журналистер мен белсенді азаматтардың бақылауға қатысуы атқарылған жұмыстарға деген жауапкершілікті арттырады. Өйткені халық қаржының қалай игеріліп жатқанын біліп, өз ұсынысын ашық айтуға мүмкіндік алуы қажет.

Меніңше, құрылыс саласындағы әрбір бастама нақты нәтижесімен бағалануы тиіс. Халыққа пайдасы тиген, сапалы салынған нысан – ел дамуының нақты көрінісі. Сондықтан бұл бағдарламаны жүзеге асыруда ашықтық, сапа және халық пікірі басты назарда болғаны жөн.

САМАТ ЖАЙЛАШЕВ,

Махамбет аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT