ҰЛТ САУЛЫҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ МАЛ МАМАНДАРЫ ҮШІН ДЕ АСА МАҢЫЗДЫ. МАЛ ДӘРІГЕРІ ЖАНУАРЛАРДЫҢ САУЛЫҒЫН ҚОРҒАУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП, ӨНІМНІҢ САПАСЫН БАҚЫЛАЙДЫ. БАР САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНА АРНАҒАН ЕҢБЕК АРДАГЕРІНІҢ БІРІ – ЗИНОЛЛА НИЯЗОВ.
Махамбет ауылының тумасы Зинолла Ниязов 1967 жылы Махамбет орта мектебін бітірген соң Гурьев ауылшаруашылық техникумына ветеринария мамандығына оқуға түседі. Оны бітірген жылы кеңес армиясы қатарына шақырылып, екі жыл Отан алдындағы борышын Ақтөбе облысының Ембі қаласында өтеген. 1972 жылы әскерден келген соң аудандық ветеринарлық стансаға мал дәрігері болып жұмысқа кірген. Ол кезде ветеринарлық станса бастығы марқұм Сүндет Дауылбаев, орынбасары Қайырғали Уалиев болғанын, мал дәрігері марқұм Григорий Сергеев, учаскелерде ветеринар Таңатар Габдуллин, Отар Кусанов ағамызбен қоян-қолтық жұмыс жасағанын айтады. Зинолла аға аудандық ветеринарлық станса бастығы Дүйсембай Рысқалиевпен, мал дәрігері Ізім Лұқпановпен де ұзақ жылдар бойы бірге жұмыстас болғанын тілге тиек етті.
Жалпы Зинолла Ниязов 2010 жылға дейін 40 жылға жуық мал дәрігерлік жұмыста болып, өз қызметін абыроймен атқарды. 2010 жылдың 17 ақпанында Махамбет ауданы әкімдігі жанынан ветеринария бөлімі ашылып, Зинолла ағамыз сол бөлімге бас маман болып, жұмысын ауыстырды. Алғашында бұл ветеринария бөлімінің басшысы Аманғали Бейісовпен екеуі ғана жұмыс жасаса, кейін бөлімге бас маман Айгүлжан Ибраева, тағы басқа да мамандар келіп, қатарлары толықты. Бөлім мал ауруларының алдын алу, егу, бірдейлендіру жұмыстарын жүргізді. Ол еңбектен қол үзбей жүріп, 1989-1990 жылдары Алматы қаласындағы зооветеринарлық мал дәрігерлік (АЗВИ) институтына сырттай оқуға түсіп, бітірген еді. Зинолла ағамыз аудандық ветеринария бөлімінде алты жылдай бас маман болып, еңбек етіп, 2016 жылы зейнеткерлікке шықты. Ағамыз қара шаңырақта 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлдары ержетіп, үйленген, әр салада еңбек етуде. Немерелерінің алды – студент, кейінгілері мектепте оқып жүр.
Аудандық ветеринарлық станса мекемесінің басшысы Мұратбек Сидеғалиев та әріптесі туралы ойларымен бөлісті. Ол бірнеше жылдай аудандық ветеринарлық бөлімде бірге жұмыс жасағандарын, іс-тәжірибелерімен бөліскенін, бірнеше шәкірт тәрбиелегенін айта кетті.
Зинолла ағамыз туып-өскен қара шаңырақта Сым ата мен Бөпен анамыз жеті баланы өмірге әкелген екен. Отбасының тұңғышы Ағзия, Нұрзиладан соң ағамыз үйдің ортаншысы болса, өзінен кейін Зинеп, Хамидолла, Сағидолла, Бақтылы сынды іні-қарындасы бар. Бүгінде бәрі де отбасылы, немере-жиен сүйіп отыр. Тек апасы Ағзия мен інісі Сағидолла өмірден өткен. Бірақ «орнында қалған оңалар» дегендей, артында ізі, ұрпақтары қалды.
Әкесі Сым кезінде МТС-те ұста болған екен. Асқан шеберлігімен атағы ел-жұртқа жайылып, «1 май» совхозында да жұмыс жасаған. Бөпен анамыз үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен айналысқан. Зинолла аға 14 жасқа келген кезде әкесі өмірден өткен екен.
Осы салаға 44 жылын арнаған Зинолла ағамыздың көп жылғы еңбегі еленіп, алған марапаттары да жетерлік. Атап айтсақ, 2003-2005 жылдардағы «Ауыл жылы» қорытындысымен Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы- ның Алғыс хатын алса, 2007 жылдың 1 қарашасында «Еңбек даңқы» 1 дәрежелі медалін кеудесіне тақты. 2010 жылы Ө.Зинуллиннің, аудан әкімі Ғ.Сисатовтың Алғыс хаттарымен марапатталған. 2013 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Рысқалиевтің, аудан әкімі Е.Жаңабаевтың алғыс хатына ие болды. 2020 жылдың 26 қарашасында ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымының «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталды. ҚР АШМ ветеринария басқармасы және қадағалау комитетінің де алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының атынан «Мінсіз қызметі үшін» және Жеңістің 80 жылдығына байланысты «Ар мен Даңқ» медальдарын омырауына тақты.
«Еңбек ер атандырады» деп тегін айтпаған. Өмірде жеткен қайсыбір жетістіктерім болмасын көп жылғы маңдай тердің арқасы. Осы салада ізімді басып келе жатқан шәкірттерім де бар. Саналы ғұмырым вете-ринария саласында өтті. Жан-жануарларды емдеп, оларға қамқор болу – мал дәрігерінің міндеті. Сонау кеңес заманында мал, егін шаруашылықтары көп болды. Ауданымызда да біраз іргелі шаруашылықтар жұмыс жасады. Ол кезде мал дәрігерлері мамандарына сұраныс ерекше болды, -дейді Зинолла ағамыз бізбен әңгімесінде.
Туған жерде абыройлы еңбек етіп, ел құрметіне бөленген З.Ниязовтың өмір жолы еңбектің қадірін ұғындырған тағылымды тағдыр десе де болады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА


