Қоғамның дамуы адамдардың өз ойын ашық айтып, маңызды мәселелерді талқылай алуымен де өлшенеді. Көзқарастардың әртүрлі болуы – қалыпты құбылыс. Бір мәселе жөнінде бәрінің бірдей ойлауы міндетті емес. Маңыздысы – пікір алуандығы өзара құрметке негізделуі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабы сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Сонымен қатар онда цензураға тыйым салынатыны көрсетілген. Бұл – азаматтардың ойын білдіруі мен ақпарат кеңістігінің еркіндігіне қатысты маңызды конституциялық қағидалар.
Бүгінде әлеуметтік желі кез келген адамға өз пікірін көпшілікке жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда ақпарат тарату мүмкіндігінің артуы жауапкершілікті де күшейтті. Тексерілмеген мәліметті бөлісу, біреуді дәлелсіз айыптау немесе жеке адамның абыройына нұқсан келтіретін сөздер жазу қоғамдық пікірге кері ықпал етуі мүмкін.
Сөз бостандығы бәріне ұнаған пікірді ғана айту дегенді білдірмейді. Азамат биліктің шешімін сынай алады, қоғамдағы мәселені көтере алады, өз ұстанымын дәлелмен қорғай алады. Бірақ өзгенің құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеу де құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі болып саналады.
Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарының да рөлі ерекше. Журналистің міндеті – ақпаратты жедел жеткізумен шектелмей, деректің анықтығына көз жеткізу, оқиғаның мән-жайын жан-жақты қарастыру және оқырманға шынайы мәлімет ұсыну. Өйткені бір ғана ақпарат адамның көзқарасына, тіпті тұтас қоғамның бағасына әсер етуі мүмкін.
Еркін қоғамда пікір айту құқығы да, сол пікірге жауапкершілікпен қарау мәдениеті де қатар қалыптасуы керек. Сөздің құны оның қаттылығымен емес, ақиқатты жеткізуімен және қоғамға пайдасымен өлшенеді.
Гүлдана СӘДУАҚАСОВА



