Конституция – бала құқығының кепілі

Баланың болашағы тек отбасындағы тәрбиемен өлшенбейді. Оның қандай ортада өсетіні, білім алуына қаншалықты мүмкіндік жасалатыны және пікірінің қаншалықты ескерілетіні де тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан бала құқығын қорғау – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның міндеті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны белгіленген. Бұл норма баланың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қатысты мәселелердің мемлекеттік деңгейде маңызға ие екенін көрсетеді.

Бала құқығы дегенде көбіне оның тамағы мен киімі, баспанасы және білім алуы ойға келеді. Алайда баланың пікірін тыңдау, оны кемсітпеу, қорқынышсыз ортада өсуіне жағдай жасау да назардан тыс қалмауы тиіс. Үлкендердің баламен сөйлесу мәнері, оның қателігіне қалай қарайтыны, өз ойын айтуына мүмкіндік беруі – тәрбиенің ажырамас бөлігі.

Мәселен, мектепте оқушының ар-намысына тиетін сөз айту немесе оны өзгелердің алдында кемсіту баланың өзіне деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ата-ана, ұстаз және қоғам өкілдері баланың құқығына ортақ жауапкершілікпен қарауы қажет.

Құқықты құрметтеу баланы қорғаудан ғана емес, оны жеке тұлға ретінде қабылдаудан басталады. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Оның құқығы қорғалған ортада әділеттілікке сенетін, өзгенің қадірін білетін ұрпақ қалыптасады.

Г.СӘДУАҚАСОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT