Конституция – адам құқығын қорғаудың құқықтық негізі

Адамның өз құқығын білуі – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарты. Күнделікті өмірде әр азамат түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Еңбек ету, білім алу, жеке мүддесін қорғау немесе мемлекеттік органға жүгіну кезінде өз құқығын түсіну адамның сенімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауына құқығы бар екенін бекітеді. Сондай-ақ әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.

Бұл қағиданың маңызы – азаматтың құқығы бұзылған жағдайда оны қорғаудың заңды тетіктері бар екенін көрсетуінде. Мәселен, еңбек қатынасында келіспеушілік туындаса, азамат өз мүддесін заң аясында қорғауға құқылы. Сол сияқты мемлекеттік қызмет алу барысында мәселе туындаған жағдайда да белгіленген тәртіппен өтініш беріп, заңды шешім талап ете алады.

Дегенмен өз құқығын қорғау үшін оны білу жеткіліксіз, заңды жолдарды дұрыс пайдалану да маңызды. Құқықтық сауаттылық азаматтың өзіне деген сенімін арттырып қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.

Конституцияның мәні – құқықтарды қағаз жүзінде бекітумен шектелмей, әр адамның оларды жүзеге асыруына негіз қалауында. Өз құқығын білетін әрі өзгенің құқығын құрметтейтін азаматтар көбейген сайын заңға деген сенім де нығая түседі.

Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT