Көліктегі өрттен сақ болыңыз!

Автокөлік бүгінде күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Алайда темір тұлпардың техникалық жағдайына немқұрайлы қарау кей жағдайда үлкен қауіпке ұрындыруы мүмкін. Соның бірі – автокөлікте өрттің шығуы. Мұндай жағдайда жалын санаулы минуттардың ішінде көлікті түгел шарпып, адам өмірі мен денсаулығына, мүлікке елеулі зиян келтіруі ықтимал.

Көліктегі өрттің жиі кездесетін себептерінің бірі – электр сымдарының ақауы. Оқшаулауы зақымдалған немесе дұрыс жалғанбаған сымдар қысқа тұйықталуға әкелуі мүмкін.

Бұдан бөлек, жанармай жүйесіндегі ақаулар, жанармай немесе майдың ағуы, қозғалтқыштың шамадан тыс қызуы да қауіп тудырады. Сондықтан әр жүргізуші көлігінің техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстағаны жөн. Әсіресе электр жүйесі мен аккумулятордың, жанармай және май құбырларының қалыпты жұмыс істеп тұрғанына назар аудару қажет. Сондай-ақ қолдан жасалған немесе сапасы күмәнді электр құрылғыларын көлікке орнатудан аулақ болған дұрыс.

Қауіпсіздіктің тағы бір маңызды шарты – автокөлікте жарамды өрт сөндіргіштің болуы. Ол жүргізушіге қолжетімді жерде орналасып, жарамдылық мерзімі уақытылы тексеріліп тұруы тиіс. Себебі өрттің алғашқы сәтінде дұрыс қолданылған өрт сөндіргіш жалынның таралуына жол бермей, үлкен шығынның алдын алуы мүмкін. Егер жол үстінде капот астынан түтін шыққаны байқалса, ең алдымен көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, қозғалтқышты өшіріп, жолаушыларды сыртқа шығару қажет. Жағдай қауіпсіз болған жағдайда ғана өрт сөндіргішті пайдаланып, жалынды бастапқы кезеңінде ауыздықтауға әрекет жасауға болады. Ал өрт күшейіп бара жатса, көлікке жақындамай, қауіпсіз қашықтыққа шығып, 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласқан жөн.

Сонымен қатар көлік ішінде темекі шегуден, тез тұтанатын заттарды салонда немесе қозғалтқыш бөлігіне жақын жерде қалдырудан сақ болған жөн. Автокөлікті жөндеу барысында да өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет. Автокөліктегі өрттің алдын алу – ең алдымен жүргізушінің жауапкершілігі. Көліктің техникалық жағдайын дер кезінде тексеру, өрт сөндіргішті үнемі дайын ұстау және қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындау арқылы көптеген төтенше жағдайдың алдын алуға болады. Сондықтан жолға шығарда темір тұлпардың жағдайына мән беріп, қауіпсіздікке салғырт қарамаған абзал.

Махамбет аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT