Медиатордың қызметі – қоғамдағы тыныштықты, татулық пен келісімді сақтау мен нығайтудағы маңызды іс-шаралардың бірегейі. Дау-жанжалдарды өзара келісім арқылы тиімді шешу тараптар арасында өзара сенім мен сыйластықтың және құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына елеулі ықпал етеді.
Елімізде Медиация институтының құқықтық негізі 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалған. Медиаци¬яны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін Заң оны жүргізудің қағидаттары мен тәртібін, сондай-ақ медиатордың құқықтық мәртебесі мен қызметінің негізгі талаптарын белгілеп берді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ме¬диация азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды, сондай-ақ, Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық-құқықтық сипаттағы же¬келеген істерді шешу барысында да қолданылады.
Бүгінде медиацияның маңызы жыл сайын артып келеді. Әсіресе, білім беру ұйымдарында медиативтік тәсілдерді қолдану қолайлы психологиялық ахуал орнатуға, оқушылар арасында өзара құрмет пен жауапкершілікті дамытуға ықпал етуде. Бұл ретте, мектеп медиациясы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің, зорлық- зомбылықтың және суицидтік мінез- құлықтың алдын алу бағытындағы тиімді профилактикалық құралдардың бірі десек болады. Ал жанжалдарды конструктивті түрде реттеу жеке тұлғаның құқықтық санасы мен жауапкершілігін арттырады.
Ықтималдығы жоғары дау- шарлардың бірі этностар арасында туындайды десек, бұл бағытта да этномедиация ұғымы жалпыға та¬ныс. Бүгінде Махамбет ауданында 19 түрлі этнос өкілі өзара татулық пен келісімде тату ғұмыр кешуде. Елімізде «Бірлігіміз – әралуандықта!» қағидаты негізінде барлық этностардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын сақтауға және дамытуға жан-жақты жағдай жасалғаны мәлім. Ал этносаралық шиеленістің алдын алу мақсатында Атырау облысы әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ-де 2024 жылы Этноме¬диация орталығы ашылған болатын. Орталық этносаралық қатынастарды үйлестіруге, этностар арасында ту¬ындауы мүмкін келіспеушіліктердің алдын алуға бағытталған маңызды қоғамдық институт ретінде жұмыс жасады.

Жалпы алғанда медиацияның негізгі қағидаттары – құпиялық, әділдік, медиатордың бейтарап көзқарасы. Бұлар медиация рәсімінің ашықтығын, әділдігін және нәтижелілігін қамтамасыз ете отырып, тараптардың екеуара тиімді келісіміне қол жеткізеді. Олай болса, медиацияның мүмкіндіктерін халық арасында кеңінен насихаттауда ақпараттық- түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру қажет. Осы мақсатта жу¬ырда Махамбет ауданына қарасты ауылдық округтерде қоғамдық меди¬аторлар «Ашық есік күнін» өткізді. Қоғамдық қабылдауда тұрғындарға отбасылық құндылықтарды сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, дау-дамайларды сотқа дейінгі тәртіппен өзара келісім негізінде шешудің артықшылықтары жан- жақты түсіндірілді. Сонымен қатар азаматтарға медиация рәсімінің құқықтық негіздері, оны қолдану тәртібі, медиаторлардың қызметі және медиацияның қоғамдағы рөлі жөнінде толыққанды ақпарат пен құқықтық кеңес берілді.
Қазір Махамбет ауданында 11 қоғамдық медиатор халыққа қызмет көрсетуде, олардың кәсіби біліктілігін кезең-кезеңімен арттыруға тиісінше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта оқыту курстары, семинарлар, тәжірибелік тренингтер мен әдістемелік кез-десулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде медиаторлар келіссөздерді сауатты жүргізу, жан¬жалдарды тиімді басқару және тарап¬тарды татуластырудың практикалық әдет-дағдыларын дамытуды жан- жақты меңгеруде.
Қорыта айтқанда медиация – азаматтардың өзара түсіністік пен келісімге негізделген қарым- қатынасын дамытуға бағытталған құқықтық институт. Медиация қызметіне жүгіну арқылы қоғамда әлеуметтік тұрақтылық сақталып, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып келеді. Ал құқықтық мәдениет- ті қалыптастыру – азаматтық қоғам құрудағы маңызды қадам.
Айгүл БАҚТЫГЕРЕЙҚЫЗЫ


