Кибергигиенаны сақтау маңызды

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №6 «Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы алаяқтыққа байланысты қылмыстық істер бойынша заңнаманы біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданған маңызды құқықтық акт болып табылады.

Аталған нормативтік қаулыда алаяқтық қылмыстарының құқықтық табиғаты, оның негізгі белгілері, алау және сенімді теріс пайдалану ұғымдарының мазмұны, сондай-ақ аталған әрекеттерді өзге қылмыстық құқық бұзушылықтар мен азаматтық- құқықтық қатынастардан ажырату мәселелері жан-жақты түсіндірілген. 

Интернет алаяқтық , яғни ақпараттық жүйені немесе интернет желісін пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған қылмыс үшін, Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 4000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға; сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға; 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге; сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 

Қаулы талаптарына сәйкес, алаяқтық бөтен мүлікті немесе оған құқықты алдау не сенімді теріс пайдалану жолымен иемдену арқылы жасалады. Бұл ретте жәбірленуші мүлікті өз еркімен бергенімен, оның әрекеті қасақана жаңылыстырудың ықпалында жүзеге асырылады. 

Нормативтік қаулының негізгі мақсаты – қылмыстық заңнаманы дұрыс қолдану, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қылмыстық құқық бұзушылықтарды дұрыс саралау және заңсыз қылмыстық қудалауға жол бермеу болып табылады. 

Қазіргі таңда цифрландыру жүйесі елімізде тұрақты дамуда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы халықына Жолдауында Қазақстан алдағы 3 жылда толық цифрландырылған мемлекет болатынын жеткізіп, бұл бағытта бірқатар тапсырмалар берілді. Дегенмен, осы цифрландыру жүйелерін қолдану арқылы, кейбір жосықсыз азаматтар өз пайдасына, заңсыз қаражат табу мақсатында пайдалануда. 

Осы ретте ең жиі кездесетін интернет алаяқтықтың түрлері: 
- жалған банк қызметкерлері ретінде хабарласып, құпия сөзді айтуды талап ету; 
- танымал компаниялардың атынан әртүрлі акциялар өтіп жатқандығы жөніндегі СМС – хабарламалар жолдау; 
- жарнама платформалары арқылы жалған тауар сату немесе қызмет көрсету және бұл үшін алдын ала қаражат аударуды талап ету; 
- жалған инвестициялық ұсыныстар, жоғары пайызбен тез ақша табу жар¬намалары; 

Осындай себептермен ағымдағы жылдың өткен мерзімінде ауданымыздың 7 тұрғыны интернет- алаяқтық қылмысының құрбаны болып, жәбірленушілерге 15 млн-нан астам залал келтірілген. 

Сондықтан аудан тұрғындарына ескертеміз: 

- өзіңіздің банктік деректеріңізді бейтаныс тұлғаларға айтпаңыз және пайдалануға бермеңіз. 

- электронды-цифрлық қолтаңбаны сақтау және қолдану тәртібіне немқұрайлық танытпаңыз. 

- бұрын-соңды білмейтін немесе кездеспеген сілтемелерге өтпеңіз және тек ресми сайттарды пайдаланыңыз. 

Аудан прокуратурасы интернет алаяқтықтың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды үнемі жүргізеді. Кибергигиенаны сақтау тақырыбы – бұл күн тәртібіндегі мәселе және прокуратурамен кездесу өткізу кезінде, халық арасында түсіндіріліп отырады. 

Махамбет аудандық прокуратурасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT