Қауіпсіз тағам – денсаулық кепілі

Жыл сайын әлемде Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күні аталып өтеді. Бұл күннің негізгі мақсаты – халықтың назарын қауіпсіз тағам тұтынудың маңыздылығына аудару, тағамнан болатын аурулардың алдын алу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қоғамның жауапкершілігін арттыру. Өйткені қауіпсіз тағам – адам денсаулығын сақтаудың, өмір сапасын жақсартудың және қоғамдық денсаулықты нығайтудың басты кепілі.

Азық-түлік қауіпсіздігі – тағам өнімдерінің өндірілуінен бастап тұтынушының дастарханына жеткенге дейінгі барлық кезеңде олардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өнімді өндіру, сақтау, тасымалдау және сату талаптарының кез келген сатысында жіберілген кемшілік адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. 

Бүгінде тағамнан болатын аурулар әлемнің көптеген елінде өзекті мәселеге айналып отыр. Ластанған тағам құрамындағы бактериялар, вирустар, паразиттер немесе химиялық заттар адам ағзасына түсіп, ішек инфекциялары мен тағамнан улануға себеп болады. Мұндай ауруларға әсіресе балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіреген азаматтар бейім келеді. 

Тағам қауіпсіздігін сақтау ең алдымен қарапайым санитариялық- гигиеналық талаптарды орындаудан басталады. Тамақ әзірлер алдында және дәретханадан кейін қолды сабындап жуу, ас үйдің тазалығын сақтау, тағам дайындайтын құралдарды уақытылы жуып, залалсыздандыру – қауіпті микроорганизмдердің таралуының алдын алатын негізгі шаралар. Сондай-ақ шикі және дайын тағамдарды бірге сақтамау, оларды өңдеуге арналған тақтай мен пышақты бөлек пайдалану айқаспалы ластануды болдырмайды.

Тағамды дұрыс термиялық өңдеу де аса маңызды. Ет, құс еті, балық және жұмыртқа толық піскенше дайындалуы қажет. Ал дайын тағамды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмай, тез арада тоңазытқышқа қою керек. Тез бұзылатын өнімдерді сақтау мерзімі мен температуралық режимін қатаң сақтау олардың сапасын қамтамасыз етеді.

Азық-түлік сатып алар кезде өнімнің қаптамасына, жарамдылық мерзіміне және сақтау жағдайына ерекше назар аударған жөн. Қаптамасы бүлінген немесе жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді пайдалануға болмайды. Сонымен қатар өнімнің таңбалануындағы мәліметтермен танысу оның құрамы, сақтау шарттары мен өндірушісі туралы қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Таза ауыз суды пайдалану да азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды бөлігі саналады. Көкөністер мен жемістерді қолданар алдында мұқият жуып, судың сапасына күмән туған жағдайда оны қайнатып пайдалану қажет. 

Қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік өндіруші кәсіпорындарда санитариялық талаптардың сақталуы да үлкен маңызға ие. Өндірістік үй-жайлардың тазалығы, қызметкерлердің жеке бас гигиенасы, өнімдерді сақтау тәртібі мен технологиялық процестердің сақталуы ғана қауіпсіз өнім өндіруге мүмкіндік береді. Бұл бағытта мемлекеттік бақылау органдары тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, талаптардың орындалуын қадағалайды. 

Әрбір азамат  қарапайым  санитариялық - гигиеналық қағидаларды сақтай отырып, өзінің ғана емес, отбасының да денсаулығын қорғай алады. Сондықтан азық-түлікті дұрыс таңдау, сақтау және дайындау – әркімнің күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Өйткені қауіпсіз тағам – ұзақ әрі сапалы өмірдің басты кепілі. 


Г. ШАКИМОВА, 
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT