Қарыз қамытынан қашан құтыламыз?

Қоғамның қаржылық мәдениетін көтеру ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі өзекті мәселенің біріне айналды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, нарықтағы ахуал мен статистикалық көрсеткіштер әлі де болса, көңіл көншітпейді. Соңғы кезде шамадан тыс несие алу, қаржылық пирамидаларға алдану және желілік алаяқтардың құрбаны болу сынды жағдайлардың күрт артуы қоғамдық тұрақтылыққа тікелей қатер төндіруде.

Қазақстан Ұлттық банкінің 2026 жылғы 1 маусымдағы ресми мәліметіне сәйкес, халықтың банктер алдындағы жалпы берешегі рекордтық 25,8 триллион теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштің 17,3 триллион теңгесін тұтынушылық қарыздар құрап отыр. Ипотекалық қарыздар көлемі 7,1 триллион теңге болса, басқа да қарыздар 1,08 триллион теңге шамасында. Банк мәліметіне сәйкес, қарыздың жартысынан астамы үш ірі мегаполиске тиесілі. Олар Алматы (7,54 трлн. теңге), Астана (4,17 трлн. теңге) және Шымкент (2,03 трлн. теңге). Сонымен қатар мерзімі өтіп 90 күннен асқан қарыздар деңгейі 1,8 триллион теңгеден асып жығылды. 

Қаржы секторының цифрлануы қызмет алуды жеңілдеткенімен, киберқылмыстың жаңа түрлерінің туындауына әкелді. Құқықтық статистика мәліметтеріне сүйенсек, елімізде интернет-алаяқтық салдарынан халыққа келетін материалдық шығын жылына 30 миллиард теңгеге жуықтаған. Салалық есептер бойынша тек интернет-алаяқтықтың өзінен жыл сайын ондаған мың қылмыстық іс тіркеледі. Қылмыскерлер өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, телефон арқылы құпия сөздер мен жеке деректерді иемденеді. 

Алаяқтықтың негізі - адамды телефон арқылы «жетектеп» отыру. Ол банкке бармай-ақ банк менеджерімен тілдеспей-ақ онлайн несие рәсімдеп, биометриядан өтеді. Оған не істеу керектігі үнемі айтылып отырады, ол болса, айыпқа бұйырмаңыздар, бейнебір зомбиланғандай қажетті батырмаларды басып, несие алады да, сол сәтте ақшаны алаяқтарға аудара салады», - деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов. 

Елімізде 1 шілдеден бастап несие беру ережелері өзгереді. Енді банктер қарыз алушылардың төлем қабілетін бұрынғыдан да қатаң бағалайды. Несие алу үшін азаматтың ресми табысы міндетті түрде көрініп тұруы қажет. Зейнетақы жарналары, МӘМС аударымдары және басқа да ресми төлемдер несие қабілеттілігін бағалаудың негізгі көрсеткіштеріне айналды. Ал тек қолма-қол ақша немесе жеке аударымдар арқылы табыс табатын азаматтар үшін несие мен бөліп төлеу рәсімдеу әлдеқайда күрделі болады Жаңа талаптарға сәйкес, банктер екі негізгі көрсеткішке басымдық беріп отыр. Ол қарыз жүктемесінің коэффициенті және қарыздың табысқа қатынасы. 

Қарыз жүктемесінің коэффициенті – адамның табысының қанша бөлігі қазірдің өзінде несиелер мен міндетті төлемдерге кететінін көрсетеді. Ал қарыздың табысқа қатынасы - жаңа несиені төлеу адамның қаржылық мүмкіндігіне сай келе ме, жоқ па, соны анықтайды. Яғни енді банктер тек табысты ғана емес, сол табыстың қаншасы қарызға жұмсалып жатқанын да мұқият есептейді. Тағы бір маңызды өзгеріс – ресми табысқа қойылатын талаптың күшеюі. Банктер тек расталған кірістерді ескереді, - дейді банк өкілдері. 

Өткен жылы қыркүйектен бастап Қазақстанда ойлану мерзімі енгізілген болатын. Бұл несие алмас бұрын қайта ойлануға мүмкіндік беруді көздейді. Сонымен қатар азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу мақсатында жауапты несие беру қағидаттары енгізілді. 

Егде жастағы азаматтарға несие беру талаптары заңнамалық тұрғыда қатаңдатылды. несие алу үшін міндетті түрде банкке жеке келуі тиіс. Қарыз алуға өтініш беру үшін олар тікелей банк бөлімшесіне баруы қажет. Бұл талап олардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтіп, алаяқтық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. 

Бүгінгі қоғамның сұранысына сәйкес халықтың қаржылық мәдениетін көтеру және жауапты қаржылық дағдыларын қалыптастыру бағытында ҚР Ұлттық Банкі «Өрлеу» БАҰО» АҚ бірлесіп, ауқымды білім беру жобасын әзірлеген болатын. Материал көпшілікке қолжетімді болуы үшін Ұлттық Банктің интернет-ресурсының «Қаржылық сауаттылық» атты жаңа бөлімінде орналастырылды. Онда қаржыға қатысты өзекті мәселелерді қамтитын қаржылық сауаттылық негіздері бойынша оқыту видеороликтер, мектеп оқушыларына арналған мультипликациялық бейнероликтер, BarsIQ» деп аталатын қаржылық сауаттылық бойынша тренажер және «Alatau City» атты оқыту симулятор ойындарынан тұратын интерактивті оқыту жобалары қамтылған. 

Елімізде халықтың несиеге тәуелділігін төмендету, алаяқтық әрекеттердің алдын алу, жалпы алғанда қаржылай сауатты қоғам қалыптастыру бағытында қолға алынған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Алайда біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл белгілі мерзімге арналған науқан емес, ұзақ мерзімді процесс. Мектеп қабырғасынан бастап қаржылық әліппені оқыту, отбасында ақша туралы ашық әрі сауатты сөйлесу мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі уақыт талабы. Сондықтан бүгінгі қоғам ертеңгі күні өз қаражатына жауапкершілікпен қарайтын, экономикалық заңдылықтарды түсінетін және өз құқығын қорғай алатын, тәуелсіз мемлекеттің берік тірегі болатын азаматтар тәрбиелеуге ерте қамданғаны жөн. 

Б.МӘЛІКҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT