Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қоғамның дамуы мен елдің болашағын қалыптастыруда әйелдердің рөлі ерекше екенін атап өткен болатын. Бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер қоғамдық өмірге белсенді араласып, маңызды бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Жуырда елордадағы EXPO Конгресс-орталығы алаңында «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» ұранымен өткен көшбасшы әйелдердің ауқымды форумына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Еліміздің барлық өңірінен жиналған мыңға жуық білім, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және азаматтық сектор өкілдері бір алаңда бас қосып, ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқыладық.
Форумда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошанов пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева сөз сөйледі.
Жиында адам құқығы мен қадір-қасиетін қорғау, білім мен ғылымды дамыту, отбасы институтын нығайту, ана мен баланы қолдау мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының өзегінде адамның қауіпсіздігі мен дамуына бағытталған мүмкіндіктердің басым екені атап өтілді. Форум барысында цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғау, гендерлік теңдік, инклюзивті білім беруді дамыту, медицина қызметкерлерін қолдау, сондай-ақ еріктілер қозғалысын институционалдық тұрғыда дамыту секілді қоғам сұраныстары да назардан тыс қалған жоқ.
15 наурызда өтетін референдум – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды шешімдердің бірі. Осындай тағдырлы сәтте әйелдер қауымының белсенділігі мен жауапкершілігі айрықша рөл атқаратынына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бұл кездесу маған үлкен серпін беріп, көп ой салды. Әйел үні – қоғам үні. Ал қоғам тағдыры – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.
Айзада ЖЕКСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,
Ортақшыл ауылдық «Самал» мәдениет үйінің басшысы,
Махамбет аудандық мәслихатының депутаты
Әйел үні – қоғам үні
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 132


