ҚОҒАМДА ОТБАСЫ-ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТЫНАСТАР АЯСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ, АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ БІРІ. ОСЫ БАҒЫТТА ЕЛІМІЗДЕ ЗАҢНАМАЛЫҚ ТҰРҒЫДА БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛІП, ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КҮШЕЙТІЛУДЕ.
АЛДЫН АЛУ ШАРАСЫ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ
Махамбет ауданы полиция бөлімі Отбасы-тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы күрес тобы бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына сәйкес, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге заңмен жауапкершілік қарастырылған.
Атап айтқанда, отбасы мүшелеріне сыйламаушылық көрсету, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, тұрмыстық заттарды бүлдіру не¬месе тыныштықты бұзу сияқты әрекеттер ескерту жасауға немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Ал мұндай әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, жаза 10 тәулікке дейін күшейтіледі. Кей жағдайларда 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген.
Аудандық көрсеткіштерге келсек, өткен жылы 37 тұрмыстық зорлық- зомбылық дерегі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 21-ге дейін төмендеген. Бұл – алдын алу шараларының нәтижесі.

МӘЖБҮРЛІ НЕКЕ – ҚЫЛМЫС
Соңғы жылдары елімізде адам құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістердің бірі некеге мәжбүрлеуді дербес қылмыс ретінде тану болды. 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, Қылмыстық ко¬декс 125-1-баппен толықтырылып, енді некеге мәжбүрлеу үшін нақты қылмыстық жауаптылық белгіленді.
Бұл норма «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған. Ма¬хамбет ауданы полиция бөлімі Отбасы-тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева бұл өзгерістердің маңыздылығына тоқталып өтті.
– Неке – бұл екі адамның ерікті түрде қабылдаған шешімі. Ол тек өзара келісім негізінде ғана жасалуы тиіс. Қысым көрсету, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық қолдану арқылы адамды некеге итермелеу бұл жеке бостандыққа тікелей қол сұғу болып есептеледі,- дейді ол.
Жаңа заңнамаға сәйкес, қорқыту, бопсалау немесе күш қолдану арқылы некеге мәжбүрлегені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекет ауыр зардаптарға әкелсе, жаза 10 жылға дейін күшейтіледі. Сонымен қатар жәбірленушіні кейін босату қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
СТАЛКИНГКЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қоғамда бұрын көп жағдайда назардан тыс қалып келген тағы бір мәселе – сталкинг, яғни адамды жүйелі түрде аңду, қудалау әрекеттері. 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 115-1- бап енгізіліп, бұл әрекет үшін де қылмыстық жауаптылық белгіленді.
Енді адамды еркінен тыс мазалап, байланыс орнатуға мәжбүрлеу, аңду фактілері үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс не¬месе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылады. 2026 жылдың наурыз айындағы мәлімет бойынша, елімізде сталкинг фактілері бойынша сотқа 51 іс жолданған. Бұл – қоғамда мұндай әрекеттердің бар екенін және оған бейжай қарауға болмайтынын көрсетеді. Арайлым Абайқызының айтуынша, ауданда сталкинг пен мәжбүрлі неке деректері тіркелмегенімен, алдын алу жұмыстары тоқтаған емес.
– Сталкингке жеңіл қарауға болмайды. Қудалау дер кезінде тоқтатылмаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әсіресе жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – дейді ол.
Жалпы , заңнамадағы бұл өзгерістер қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Мәжбүрлі неке, сталкинг және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қатаң шаралар – адам құқықтарын қорғаудың нақты көрінісі.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ


