Әйел құқығы – қоғам назарында

Қоғамдық өмірдің барлық саласында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет – бұл гендерлік саясат. Оның негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейдi.

Отбасының тізгіні ер адамға жауапкершілік ретінде жүктеледі. Еркектер – әйелдерге пана, қамқор, басқарушы. Сол басқарушылықты дөрекілікке, қамқорлықты жалқаулыққа айналдырмаса дейсің. Өйткені елімізде әйел адамның бәрі бірдей өз құқығын біліп, қорғай бермейді. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болатыны да сол себептен. Ең бастысы әйел адамның туа біткен нәзік жан екенін ұмытпауымыз керек.

Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді. Әйел адам «бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген қазақтың дана сөзі бар. Осы ұлағатты сөздің астарына үңілсек, бүгінгі бүлдіршін қыздың ертеңгі ана, одан кейін әулет әжесі сонымен қатар ұрпақ тәрбиешісі болатынын көреміз. Содан болар қазақ халқы қашан да қыз баланы ерекше құрметтеп, төрге шығарып, әйелін жан-жарым деп сыйлап, анасын асыл қазынам деп бағалайтын болған.
Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігі мәселелерін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем» деп елірте беру емес. Бұлай түсіну қисынсыз. Кейбір әйел заты қиындыққа шыдамай, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, өмірін өксітіп жатады. Бұл әрине, қазаққа жат қылық. Бірақ гендерлік саясат стратегиясынан отбасындағы  тепе-теңдік пен үйлесімділік, яғни гармония жоғалмайды. Ал, үйлесім таппағандар тек өзіне өкпелеуге тиіс.

Әйел құқығы – ол адам құқығы. Гендерлік тендік әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, азаматтық және саяси мәртебесін белгілейді. Алайда, бұл әйелдің «шауып келе жатқан атты да тоқтатады, жанып жатқан үйге де енеді» дегенді білдірмейді. Ең алдымен, ол – бүгінгі күні ескірген түсінікті өзгертетін және ерлермен тең дәрежеде өз мақсаттарына лайықты қол жеткізуші адамзаттың тамаша жаратылысы. Қорыта айтқанда, гендерлік саясат Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігін айқындайды.


Н.КАБЕНОВА,
сот әкімшісінің  бас маманы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT