Инвестиция – өркендеудің өзегі

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ӨҢДЕУ ӨНЕР- КӘСІБІ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ҚҰС ӨСІРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БҮГІНДЕ МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА КЕЗЕҢ- КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛЕДІ. БҰЛ БАСТАМАЛАР ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӘРТАРАПТАНУЫНА, АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ЖӘНЕ ӨҢІРДІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРТЫМДЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА ЫҚПАЛ ЕТУДЕ. АУДАНДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ІРІ ЖОБАЛАРДЫҢ БҮГІНГІ ЖАЙ-КҮЙІ МЕН АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ОЛЖАС НҰРТАСҰЛЫ МЫРЗАБАЕВПЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.

– Олжас Нұртасұлы, ең алдымен ауданның инвестициялық ахуалына тоқталсаңыз. Бүгінде Махамбет ауданында қандай ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр? 

– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру мен инвестиция тартуды өңірлердің басты міндеттерінің бірі ретінде белгілеп келеді. Осы бағытта Махамбет ауданында да нақты жұмыстар атқарылуда.Атырау облысы – еліміздің индустриялық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі болса, біздің аудан ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр. 
Қазіргі таңда аудан аумағында бірнеше ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың барлығы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аудан экономикасының тұрақты дамуына бағытталған. Бүгінде ауданымызда өнеркәсіптік жылыжайлар, бекіре өсіру кешені, құс фабрикасы секілді стратегиялық маңызы бар өндіріс орындары салынып, бірқатары өз өнімін бере бастады. 

– Аудандағы алғашқы ірі жобалардың бірі – «Жұмағалиева Н.М.» шаруа қожалығының жылы¬жай кешені. Бұл жобаның ерекшелігі неде? 

– Аталған жоба тек Махамбет ауданы үшін ғана емес, тұтас Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады. 2023 жылы пайдалануға берілген өнеркәсіптік жылыжай кешені үш блоктан тұрады. Жалпы аумағы – 4 гектар. Жобаның құны 3 миллиард теңгеден асты. Қазіргі таңда мұнда 60-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның басым бөлігі – аудан тұрғындары. 

Жылыжайдың өндірістік қуаты жылына 1600 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 900 тонна қызанақ пен 700 тонна қияр өндіріледі. Күн сайын шамамен 6 тонна Merlice сұрыпты қызанақ және 7 тонна Golden сұрыпты қияр жиналады. 

Кешен толықтай автоматтандырылған. Суару жүйесі, тыңайтқыш беру процесі түгелдей тамшылатып суару технологиясы арқылы жүргізіледі. Осы заманауи тәсіл өнім сапасын арттырып қана қоймай, су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл кешенді кеңейту жоспарланған. Жалпы аумағын 16 гектарға дейін жеткізу көзделсе, 2027 жылы қосымша 4 гектарға реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. 

– Екінші жылыжай жобасы – «Aidana Agro» шаруашылығы туралы да айтып өтсеңіз. 

– Бұл да аудан экономикасына серпін беретін маңызды инвестициялық жоба. Жалпы құны 11 миллиард теңгені құрайтын жылыжай кешенінің аумағы – 5,6 гектар. Нысан

Бейбарыс ауылдық округі аумағында, Атырау – Орал автожолы бойында орналасқан. 
Кешен толық іске қосылғанда жылына 3435 тонна көкөніс өндіріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның алғашқы кезеңі биылғы жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді. Қазір 2,5 гектарлық сектор жұмыс істеп тұр. Осы уақыттың өзінде шамамен 400 тонна өнім өндірілді. Толық іске қосылу мерзімі – биылғы тамыз айы. 

Бұдан бөлек, шаруашылық биыл үшінші тоқсанда жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп, 620 гек¬тар жерге мал азықтық жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Бұл ауданның мал шаруашылығын дамытуға да оң әсерін тигізеді. 

– Соңғы жылдары балық шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы «А-Дана» жобасының маңызы қандай? 

– «А-Дана» – облысымыз үшін мүлде жаңа бағыттағы ерекше жоба. Шаруа қожалық жүзеге асырып жатқан бекіре өсіру кешенінің жалпы құны 1 миллиард 175 миллион теңгені құрайды. Жоба Атырау әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау корпорациясының қолдауымен іске асуда. Корпорация тарапынан құрылыс материалдары мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға жалпы көлемі 847 миллион теңгеден астам жеңілдетілген қаржы бөлінді. 

Жобаның негізгі мақсаты – Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың табиғи қорын көбейту. Кешен іске қосылғаннан кейін жылына 130 тонна тауарлы балық немесе 15 миллион дана шабақ өсіруге мүмкіндік болады. Қазіргі уақытта технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Тауарлы балық өсірілетін бес бассейннің желілері толық орнатылды. Өткен жылдың қыркүйегінде алғашқы балық түрлері орналастырылды. Ал өндірістік қуатымен толық жұмыс істеуі биылғы тамыз айына жоспарланып отыр. 

Бұл жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – кадр даярлау мәселесі. Алғашқы кезеңде голландиялық тех-нологияны меңгерген шетелдік мамандар жұмыс істейді. Кейін жергілікті жастар осы сала бойынша тәжірибе жинақтап, жаңа мамандықтарды игереді. Бастапқы кезеңде 10–15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бекіре – Жайықтың ғана емес, еліміздің де ерекше байлығы. Сондықтан мұндай жобалардың табиғатты қорғаудағы маңызы зор. 

– Құс фабрикасы туралы да көп айтылып жүр. Бұл жоба құрылысы қай кезеңде толық аяқталмақ? 

– Бұл да ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өндіріс. Жобаны «Atyrau Chicken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асы¬рып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі – 9,9 миллиард теңге. Оның ішінде инвестордың жеке қаражаты есебінен 6,3 миллиард теңге құрылыс жұмыстарына жұмсалды. Ал технологиялық жабдықтарды сатып алуға «СПК «Атырау» АҚ» тарапынан қаржыландыру қарастырылды. Кәсіпорын толық іске қосылғанда жылына 5 мың тонна құс етін өндіреді. 

Өткен жылдың желтоқсан айында алғашқы бес құс қорасы іске қосылып, 75 тонна бройлер еті өндірілді. Қазіргі уақытта тағы бес құс қорасының құрылысы жалғасуда.

Сонымен қатар сағатына 3 тонна құрама жем өндіретін зауыт толық аяқталды. Кешен толық өндірістік қуатына биылғы тамыз айында шығады деп жоспарла¬нып отыр. Жоба нәтижесінде тағы 60 жаңа жұмыс орны ашылады. 

– Алдағы уақытта қандай жаңа инвестициялық жобалар қолға алынбақ? 

– Қазіргі таңда жасанды тоғанда балық өсіру бағытында тағы төрт жоба әзірленуде. Олардың бірі – Есбол ауылдық округінде, екеуі – Ақжайық ауылдық округінде, тағы бірі

– Бақсай ауылдық округінде жүзеге асады. Ақжайық пен Есбол ауылдық округтерінде жер телімдері бөлініп, жобалық құжаттары дайындалды. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Бақсай ауылдық округінде жер телімі табысталып, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жобалар ауданымыздағы балық шаруашылығының әлеуетін одан әрі арттырады деп сенеміз. 

– Биылғы егін шаруашылығы қалай өрбіп жатыр? 

– Биыл аудан бойынша 4785,9 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Қазіргі таңда шаруалар алғашқы өнімдерін жинай бастады. Бүгінгі күнге дейін 300 тоннадан астам көкөніс пен 100 тонна¬дан астам бақша өнімдері жиналды. Жиын-терім жұмыстары қараша айына дейін жалғасады. 

Мемлекеттік қолдау шаралары аясында шаруалар жеңілдетілген дизель отынымен, минералдық тыңайтқыштармен және қажетті субсидиялармен қамтамасыз етілуде.

Сонымен қатар суару инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең- кезеңімен жүргізіліп келеді. Жиналған өнім ең алдымен аудан және облыс тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етуге бағытталады. Басты мақсатымыз – халықты сапалы әрі қолжетімді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту. 

– Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың ортақ мақсаты – аудан экономикасын әртараптандыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ең бастысы – халықты тұрақты жұмыспен қамту. 

Инвестиция – жай ғана қаржы емес. Ол – жаңа өндіріс, жаңа технология, жаңа жұмыс орны және ауылдың ертеңіне салынған сенімді инвестиция. Сондықтан мұндай жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, Махамбет ауданының инвестициялық әлеуетін одан әрі нығайта түседі деп сенеміз. 

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет. Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ел игілігіне қызмет етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының нығаюына үлес қоса беруіне тілектеспіз. 

Сұхбаттасқан Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT