Интернеттегі жауапкершілік те заңмен өлшенеді

Қазіргі заманда интернет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Адамдар жаңалық оқиды, пікір алмасады, сауда жасайды, жұмыс істейді және түрлі қызметті онлайн пайдаланады. Цифрлық мүмкіндіктер өмірді жеңілдеткенімен, желідегі қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесін де алдыңғы орынға шығарды.

Кейде адамдар әлеуметтік желідегі әрекетіне шынайы өмірдегідей жауап берудің қажет екенін ескере бермейді. Біреуді қорлау, жалған ақпарат тарату, өзгенің жеке мәліметін рұқсатсыз жариялау немесе интернет арқылы алдау – жай ғана виртуалды әрекет емес. Мұндай жағдайлар адамның құқығына, абыройына және қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін.

«Заң мен тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де құқықтық мәдениетті сақтаудың маңызын көрсетеді. Интернет қолданушысы өз құқығын біліп қана қоймай, желідегі мінез-құлқы үшін жауапкершілікті сезінуі керек. Әрбір пікір жазғанда, ақпарат таратқанда немесе басқа адамның суретін жариялағанда оның салдарын ойлаған жөн.

Тағы бір маңызды мәселе – интернет-алаяқтық. Алаяқтар түрлі хабарлама, жалған қоңырау, күмәнді сілтеме немесе тиімді ұсыныс арқылы азаматтардың жеке деректері мен қаражатына қол жеткізуге тырысады. Сондықтан белгісіз адамдарға банк картасының деректерін, құпиясөздерді және телефонға келген растау кодтарын бермеу қажет. Күмәнді сілтемелерді ашпай, ақпаратты ресми дереккөздерден тексерген дұрыс.

Әсіресе балалар мен қарт адамдарға цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру маңызды. Жасөспірімдер интернеттегі бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болғаны жөн. Ал үлкен кісілерге телефон арқылы өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған адамның сөзіне бірден сенбеу керектігін ескерткен пайдалы.

Егер азамат алаяқтыққа немесе интернеттегі құқық бұзушылыққа тап болса, дәлел болатын хабарламалар мен мәліметтерді сақтап, тиісті органдарға жүгінгені жөн. Құқық бұзушылық туралы үнсіз қалмай, мәселені заңды жолмен шешуге ұмтылу – өз құқығын қорғаудың маңызды қадамы.

Цифрлық сауаттылық тек технологияны пайдалана білумен өлшенбейді. Ол – ақпаратты тексеру, жеке деректерді қорғау, өзгенің құқығын құрметтеу және желіде жауапкершілікпен әрекет ету қабілеті.

Интернеттегі мәдениет те азаматтық мәдениеттің бір бөлігі. Заң мен тәртіпті өмірдің барлық саласында сақтау арқылы ғана адамдар өздерін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыра аламыз.

Г.СӘДУАҚАС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT