Ескерту беріліп, айыппұл салынса да...

Ауданның орталық көшелерінде жайбарақат жайылып жүрген сиыр, қой-ешкі, жылқы малдары жиі көзге түседі. Қорадағы малын қараусыз жіберіп отырғаны үшін мал иелеріне ескерту беріліп, айыппұл салынса да бұдан нәтиже шықпайтынға ұқсайды.

Мұндай көше кезген иесіз малдарды арнайы орынға қамау жұмыстары ауылдық округ әкімдік маманда¬рына жүктелген. Арнайы сырғасы арқылы малдың иелерін аудандық ветеринарлық станса мамандары анықтайды. Ал айыппұлды тек аудандық полиция бөлімі ғана салады. 

Бұл орайда Махамбет ауылдық округінің әкімі Бақтыбек Мұхамбетқалиев иесіз малдарды қамап-ұстауға арналған орын дайын¬далып жатқанын айтты. 

Ауыл тұрғындары малдарын өріске жібергендей, тентіретіп, бейберекет көшеге жібереді. Аудандық полиция бөлімімен бірігіп, бірнеше рет рейд¬терге шықтық. Енді иесіз малдарды қамайтын арнайы орын дайындап жатырмыз. Ол мал қамайтын қораны стандартқа сай етіп, «Махамбет-Су» мекемесі шарбағынан ашатын болдық. Барлық иесіз мал сырғасы арқылы анықталады.

Мал иесіне бірінші рет ескерту беріледі, екінші рет айыппұл салынады. Ал иесі анықталмаса, талапқа сәйкес, мал сою орындарына жіберіледі. Ендігі жерде малдардың көшелерді, саябақтарды, мекемелер маңын бүлдіруіне жол берілмейді, -дейді округ әкімі. Малды ұстаудың өзіндік тәртібі бар. Олардың көше кезіп, қоғамдық орын¬дарды бүлдіруіне жол бермеу – мал иесінің міндеті. Әр тұрғын тәртіпке бағынып, өсіріп отырған малын өріске шығарып қадағаласа немесе арнайы бағымға қосса ауыл ішіндегі мұндай келеңсіздіктер азаяр еді. 

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT