Есболда жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды

Махамбет ауданының Есбол ауылында көпсалалы спорт кешенінің іргетасын қалау және уақыт капсуласын орнату рәсімі өтті. Ауыл тарихындағы маңызды оқиғаға айналған шара Атырау облысы әкімдігі мен Махамбет ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен және ауылдың белсенді азаматтарының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Салтанатты жиынға Атырау күрес түрлері федерациясының президенті Арман Тоғаев, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек, грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали, еркін күрестен Азия чемпионы Талғат Сырбаз, грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, Қазақстан чемпионы Евгений Поливадов және грек-рим күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Эдуард Дурманов қатысты.

Қонақтар алдымен Есбол орта мектебінде болып, жас спортшылармен кездесті. Демеушілер тарапынан алынған спорттық жейделер табысталып, әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали жас балуандарға арнап шеберлік сағатын өткізді.

Жобаның тапсырыс берушісі - Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болса, мердігер мекеме – «ЭксклюзивСтрой» ЖШС. Ангар типіндегі жылдам құрастырылатын модульді спорт кешенінің құрылыс көлемі 10 909 текше метрді құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы – 1 299,1 шаршы метр, ал бір ауысымдағы өткізу мүмкіндігі – 30 адам. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.

Есбол орта мектебінің директоры Әлібек Олжағалиев бұл жобаның ауыл жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Бұл – ауыл жастары үшін зор мүмкіндік әрі болашаққа жасалған үлкен инвестиция. Спорт кешенінің құрылысы мектебіміздің 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы игі бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Алтынбекқызына, аудан әкімі Қайрат Есқабылұлына және облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нариман Хамидоллаұлына ауыл тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек те жаңа нысанның маңызына тоқталды.

– Есбол мектебі – ғасырлық тарихы бар білім ордасы. Осы мектептен Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сияқты елге белгілі тұлғалар білім алды. Енді сол мектеп жанынан заманауи спорт кешені бой көтергелі отыр. Бұл іске ұйытқы болып, қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтамыз. Ауылымыздан әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар шықсын, – деді ол.

Салтанатты рәсімнен кейін Есбол орта мектебінің 100 жылдық мерейтойына арналған грек-рим және еркін күрестен кіші жасөспірімдер арасындағы Батыс аймақтық турнир өтті. Оған өңірдің түрлі спорт мектептері мен академияларынан келген жас спортшылар қатысып, боз кілемде өзара бақ сынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль және арнайы белбеулермен марапатталды.

Осылайша, Есбол ауылында көпсалалы спорт кешенінің іргетасы қаланып, болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласы жер қойнына тапсырылды. Бұл жоба ауыл жастарының спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына тың серпін бермек.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT