Адамның еркіндігі кейде өзі таңдаған мекеннен, қалаған бағытымен қозғалуынан және болашағын өз қалауынша жоспарлауынан көрінеді. Бір қарағанда, бұл күнделікті өмірдің қарапайым бөлігі секілді. Алайда оның астарында адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық қағида жатыр.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабы адамның ел аумағында еркін жүріп-тұруына, тұрғылықты жерін таңдауына және Қазақстаннан тыс жерге шығуына құқық береді. Сонымен қатар азаматтардың елге кедергісіз оралу құқығы бекітілген. Бұл нормалар адамның жеке таңдауына құрметпен қараудың және оның еркіндігін құқықтық тұрғыдан қорғаудың маңызын көрсетеді.
Мәселен, азаматтың басқа өңірге қоныс аударып, жұмыс іздеуі, білім алу үшін өзге қалаға баруы немесе отбасылық жағдайына байланысты тұрғылықты мекенін өзгертуі – оның өмірлік шешімдері. Мұндай таңдау адамның жеке дамуына, кәсіби мүмкіндіктеріне және болашағына әсер етеді. Ал еркін жүріп-тұру құқығы осы мүмкіндіктерді жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады.
Дегенмен кез келген құқық заң талаптарымен және өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу қағидасымен ұштасады. Конституцияда көзделген бостандықтарды жүзеге асыру заңда белгіленген шектеулерді ескере отырып жүргізіледі. Бұл – жеке еркіндік пен қоғамдық тәртіп арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызды шарты.
Конституцияның 24-бабының мәні тек бір жерден екінші жерге бару мүмкіндігімен шектелмейді. Ол адамның өз өміріне қатысты шешім қабылдау еркіндігін, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуын және туған елімен байланысын құқықтық тұрғыдан айқындайды. Еркіндікке құрмет бар жерде азаматтың дербестігі нығайып, қоғамның құқықтық мәдениеті қалыптасады. Сондықтан Ата Заңда бекітілген әрбір құқықты білу және оның мәнін түсіну – саналы азаматтың маңызды міндеті.
Г.СӘДУАҚАС



