Адамның маңдай терімен тапқан дүниесі, жылдар бойы жинаған мүлкі мен кәсібі – оның өміріндегі маңызды құндылықтардың бірі. Сондықтан меншік құқығының қорғалуы қоғамдағы сенім мен экономикалық тұрақтылықтың негізгі шарттарының саналады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабында азаматтардың заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншік құқығы бар екені көрсетілген. Сондай-ақ меншік пен мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі. Сот шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайтыны да осы бапта айқындалған.
Бұл норманың маңызы әсіресе өз кәсібін бастаған, шаруашылығын дамытқан немесе отбасына баспана тұрғызған азаматтар үшін ерекше. Мәселен, ауылдағы шағын кәсіп иесі дүкен ашып, өндіріс орнын жабдықтап немесе шаруашылыққа қажетті мүлік сатып алса, оның сол мүлкі заң аясында қорғалуы кәсіпті еркін дамытуға сенім береді.
Конституцияның осы бабында кәсіпкерлік қызмет бостандығына да кепілдік берілген. Бұл азаматтардың өз мүлкін заңды кәсіппен айналысуға пайдалануына мүмкіндік жасайды. Шағын кәсіптің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отбасылық табыстың артуына және жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді.
Дегенмен меншік құқығы тек иелену мүмкіндігі емес, белгілі бір жауапкершілікті де білдіреді. Мүлікті заңға сәйкес пайдалану, өзгенің құқығына нұқсан келтірмеу және адал кәсіп жүргізу – осы құқықтың маңызды шарттары.
Азамат өз еңбегінің нәтижесіне иелік етіп, мүлкінің заңмен қорғалатынына сенгенде ғана ұзақ мерзімді жоспар құрып, кәсіп бастауға батыл қадам жасайды. Демек, меншік құқығын қорғау – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның экономикалық дамуына қызмет ететін конституциялық кепілдік.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИ



