Жалғансай ауылдық округі тұрғындарымен кездесуде коммуналдық мәселелер, денсаулық, жұмыссыздық, тұрғын үй кезегі сынды әлеуметтік маңызды мәселелер көтерілді.
Зейнеткер О.Жалғасов Жалғансай орта мектебі маңындағы көшеге жарық неге жүргізілмей жатқанын сұраса, ауыл тұрғыны Р.Жолдасова ауылдағы емханаға дәрігер керектігін, төрт мейірбике тұрақтамай кетіп қалғанына алаңдаушылығын білдірді. Бұл мәселеге орай пікірін қосқан зейнеткер А.Маханова да ауыл дәрігерге мұқтаж екенін айтып, бұрын жұмыс жасаған дәрігер Қайсар Қараханұлын Жалғансайға кері қайтарса деген ұсыныс тастады. Тұрғындар көкейіндегі сауалдарға аудандық аурухана бас дәрігері С.Сандыбаев жауап берді.
С.Көшмұхамбетова есімді ауыл тұрғыны Сейфуллин, Ақжайық көшелерінде жарық жоқ екенін айтып, қашан қосылатынын сұрады. Ол сондай-ақ ауылдың кіреберісіндегі ауыл атауы жазылған белгіні жаңартып немесе қалыпқа келтірсе деген тілегін жеткізді.
Жарық жөніндегі сауалға жауап берген аудан әкімі бұл мәселенің келесі жылға қалдырылғанын еске салды. Ал ауылдың кіреберістегі атауына байланысты аталмыш белгілінің жаңа эскизі жасалып жатқанын мәлімдеді.
Ауылдық округте бой көтеріп жатқан жаңа ықшам аудандарға газ желісін жүргізуді сұраған тұрғындарға аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев газбен қамту жұмысы келер жылы жүзеге асатынын мәлімдеді.
ЖАРЫҚ НЕГЕ ЖИІ ӨШЕДІ?
Аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев Бақсай ауылдық округі тұрғындарымен кездесу жиынында ауыл тұрғыны Б.Мұхамбетов электр жарығының қайта-қайта өшетініне, тариф бағасының көтерілгеніне ренішін білдірді. Ауылдағы жарық бағаналары әбден ескіріп, тозығы жеткенін, сонау 70-ші жылдардағы трансформатор ашық-тесік жатқанын айта кетті. Интернет желісінің нашарлығын тілге тиек етті.
Бұл мәселеге орай «Атырау- Жарық» АҚ Махамбет филиалы электр желілері жүйесі басшысы И.Мұхамбеталиев жауап берді. Ол өз сөзінде Таңдай ауылындағы бес көшеге жарық желісіне күрделі жөндеу жүргізілгенін, атап айтсақ Ахмедияров, Абай көшелеріне жуан желі тартылғанын, 40 бағана ауыстырылғанын айтып өтті. Ол Таңдай ауылында қыркүйек айында-4 рет, қазан айында 2 рет жарық сөнгенін, трансформатор істен шыққандықтан ескі желіден қосқандарын, соңғы кездері ажыратқыш істен шығып жатқанын, ал электр тарифінің өсуі облыс бойынша бекітілгенін, қазіргі уақытта сараланған тариф енгізілгенін айтты.
«Казтелеком» АҚ Махамбет филиалы басшысы М.Мақсотов жол құрылысы жүрген кезде Таңдайда интернет желісі үзіліп кеткендіктен жалғап, қайта іске қосқандарын, көп тұрғындарда құрылғылар ескі екенін, интернет жылдамдығы аз болса, мамандар жіберіп сапасын үнемі тексеріп отыратынын айтты.
Ауыл тұрғыны, «Қазақ зағиптар қоғамы» АҚ аудандық бөлімінің басшысы Гүлшат Иманалиева көзінде ақауы бар адамдарға ем алу үшін әрі- бері жүру қиын екенін, ауылдағы медпунктен немесе аудандық емхананың күндізгі бөлімінен зағиптар үшін ем алу мүмкіндігі қарастырылса деген ұсынысын білдірді.
Бұл сауалға аудандық аурухана дәрігері Иман Пернебеков жауап берді. Ол ауданда көз дәрігері жоқ екенін, емханаға әр сенбі сайын көз дәрігері қабылдауы өткізілетінін, тұрғынның өтінішіне орай көз аурулары ауруханасымен сөйлесіп, бұл мәселені шешіп беретінін айтты.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА




