ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ӨМІРЛІК МҰРАТЫНА АЙНАЛДЫРҒАН...

ҚАЙ КЕЗЕҢДЕ ДЕ ҚОҒАМНЫҢ АЛҒА ЖЫЛЖУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСАТЫН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚАСИЕТІ – ЖАУАПКЕРШІЛІК, ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН ШЫНАЙЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК. ОСЫНДАЙ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ, АТА-АНАНЫҢ ӨНЕГЕСІ МЕН ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ ҮЛКЕН ӘСЕР ЕТЕДІ. ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ӨМІРЛІК МҰРАТЫНА АЙНАЛДЫРҒАН ҰЗАҚБАЙ ТӨЛЕГЕНҰЛЫНЫҢ ОТБАСЫ – ОСЫНЫҢ ЖАРҚЫН МЫСАЛЫ.

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Махамбет ауданының құрметті азаматы Төлеген Ұзақбай Төлегенұлын білмейтін жан кемде- кем. Ол саналы ғұмырын елге адал қызмет етуге арнап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі. Төлеген Ұзақбай Төлегенұлы 1942 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған ол сол кезеңдегі білім беру саласында қызмет атқарып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына атсалысты. Ұстаздық қызметтен кейін Төлеген Ұзақбай мемлекеттік қызмет саласына бет бұрып, кеңестік кезеңдегі аудандық атқарушы органдар жүйесінде еңбек етті. Түрлі жауапты қызметтер атқарып, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеді. Мемлекеттік басқару саласындағы мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол аудан әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, кейін аудандық мәслихаттың төрағасы болды. Халық сенімін ақтау – мемлекеттік қызметкер үшін ең үлкен міндет. Төлеген Ұзақбай Төлегенұлы осы қағиданы өмірлік ұстанымы етті. Бүгінде зейнеткерлік демалыста болса да, ел өмірінен қол үзбей, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, мемлекеттік қызметтің маңызын түсіндіріп келеді. 

Әкенің тәрбиесі мен өмірлік ұстанымы балаларының таңдауы мен тағдырына әсер ететіні белгілі. Төлеген Ұзақбайдың отбасында да елге қызмет ету, халыққа пайда келтіру құндылығы бала кезден қалыптасты. Осы тәрбиені бой¬ына сіңірген ұрпақтарының бірі – Төлеген Алмас Ұзақбайұлы. Ол да әке жолын жалғастырып, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуді таңдады. Бұл таңдау оның отбасылық дәстүрге сүйенген шешімі емес, туған жерге пайда келтіруді мақсат еткен азаматтық ұстанымынан туындаған еді. Еңбек жолын әртүрлі салалардан бастаған Алмас Ұзақбайұлы тәжірибе жинақтап, елмен етене жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді. Ол жұмыспен қамту орталығында бас маман, кейін директордың орынбасары қызметтерін атқарып, әлеуметтік саладағы маңызды бағыттар бойынша тұрғындарға қолдау көрсету, жұмысқа орна¬ласуына ықпал ету, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты. Кейінгі жылдары жинаған тәжірибесі мен іскерлік қабілетінің арқасында ол мемлекеттік басқару саласында жауапты қызметтер атқарып, қазіргі уақытта ауданға қарасты Есбол ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді. Екі қыздың әкесі ретінде ол ұрпақ тәрбиесінде еңбекқорлық пен адамгершілік қасиеттерді әрқашан жоғары қояды. 

Ұзақбай отбасының ерекшелігі – әр буынның өз саласында еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуға ұмтылуында. Бұл дәстүр бүгінгі таңда Қасым-Хан Ұзақбайұлының қызмет жолынан да көрініс табуда. Ол 2001 жылғы 16 желтоқсанда Махамбет ауылында дүниеге келген. Туған жердің топырағында өсіп, елге қызмет етудің маңызын бала кезінен түсініп өскен ол мемлекеттік басқару саласын таңдады. Орта білімді Махамбет ауылындағы Есенбай Агелеуов атындағы орта мектепте алған. Мектеп қабырғасында жүрген жылдары ол қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, туған жерінің дамуына үлес қосуды мақсат етті. Осы арман оны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне жетеледі. Жоғары оқу орнында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алып, болашақ кәсібінің қыр-сырын меңгерді. Студенттік кезеңде ол мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктерін, халықпен жұмыс істеу мәдениетін, ел дамуына ықпал ететін басқару тетіктерін үйренді. Болашақ мамандығына деген қызығушылығы мен жауапкершілігі осы жылдары қалыптасты. 

Оның еңбек жолындағы алғашқы қадамы – «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының қатарында басталды. Жас кезінен еңбекпен шыңдалған Қасым-Хан осы кезеңде ұжыммен жұмыс істеуді, берілген тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауды, ортақ іске жауапкершілікпен қарауды үйренді. «Жасыл ел» бағдарламасы оның бойында еңбекқорлық, төзімділік және азаматтық белсенділік сияқты қасиеттердің қалыптасуына үлкен ықпал етті. 

Жоғары білім алып, кәсіби бағыт- бағдарын айқындағаннан кейін ол әртүрлі салаларда еңбек тәжірибесін жинақтады. 2023–2024 жылдары «Инфинити Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет атқарып, адамдармен қарым- қатынас жасаудың қыр-сырын меңгерді. Кейін мемлекеттік қызметке бет бұрып, 2024 жылдың наурыз айынан 2026 жылдың наурыз айына дейін Махамбет аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде бас ма¬ман қызметін атқарды. Бұл кезең Қасым-Ханның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына үлкен мүмкіндік берді. Салада еңбек ете жүріп, ол ауыл тұрғындарының тұрмыс- тіршілігімен, ауыл шаруашылығы саласының жұмыстарымен жақын танысты. Мемлекеттік басқару саласының маманы ретінде ол қабылданған шешімдердің халық өміріне әсерін түсінді. Әрбір құжаттың, әрбір жобаның артында тұрғындардың әл-ауқаты, ауданның дамуы және ел болашағы тұрғанын сезінді.

Кәсіпкерлік саланы дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, жергілікті экономиканы нығайту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары. Осы бағыттар бойынша жұмыс істеу жас маманға үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. 
2026 жылғы наурыз айынан бастап ол аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл – үлкен сенім мен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Себебі, аудан әкімінің аппараты мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды орын алады. Аппарат жұмысының тиімді ұйымдастырылуы, мемлекеттік ор¬гандар арасындағы үйлесімді байланыс, қабылданатын шешімдердің сапалы орындалуы – осы бөліммен тікелей байланысты. Қасым-Хан Ұзақбайұлы үшін мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес. Оның түсінігінде бұл – халықтың сенімін ақтау, қоғам игілігі үшін қызмет ету. 

Мемлекеттік қызмет – ең алдымен халық алдындағы жауапкершілік. Бұл салада жұмыс істейтін адам өзінің жеке мүддесінен бұрын елдің, қоғамның мүддесін ойлауы керек. Халықтың сенімін ақтау – ең басты міндет», – дейді ол.

Ұзақбай отбасының тағылымды жолына қарасақ, олардың барлығына ортақ бір қасиет байқалады . Ол – елге деген адалдық. Төлеген Ұзақбай Төлегенұлы ұстаздық қызметтен бастап мемлекеттік басқару саласында ұзақ жыл еңбек етсе, оның үлкен ұлы Алмас Ұзақбайұлы халықпен тікелей жұмыс істейтін әлеуметтік және әкімшілік сала¬ларда тәжірибе жинап, бүгінде ауыл әкімі ретінде қызмет атқарып отыр. Ал Қасым-Хан осы жолды жалғастырып, жаңа буын мемлекеттік қызметкер ретінде қалыптасуда. Бұл – бір әулеттің ғана жетістігі емес, жалпы қоғам үшін маңызды құндылық. Себебі, мемлекеттік қызмет саласында тәжірибелі аға буын мен жаңашыл жас буынның сабақтастығы ел басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 

Төлеген Ұзақбай Төлегенұлының өмірлік жолы, Алмас Ұзақбайұлының мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі және Қасым-Хан Ұзақбайұлының жас маман ретінде қалыптасуы – бір отбасының еңбек жолы емес, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. 


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT