Қазақстанда балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. 2024 жылы бұл саланың нарық көлемі 7 пайызға артты. Ұлттық құрылтай аясында табиғатты қорғау және экологиялық мәселелерге қатысты заңнамалар талқыланып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жаңа бастамалар қабылдануда. Соның ішінде балық өнімдерін өндіруді дамыту және су айдындарын қорғау басым бағыттардың бірі болып отыр.
Қазақстанның жаңа Конституция жобасы қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және биоәртүрлілікті сақтау нормаларын нығайтуға бағытталған. Балық қорғау инспекцияларында талқыланған реформалар болашақ ұрпақ мүддесі үшін орнықты дамуды қамтамасыз етіп, экологиялық басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан жетілдіруді көздейді. Бұл өз кезегінде балық ресурстарын сақтау мен көбейтуге де оң әсерін тигізеді.
Жаңа конституциялық реформалар мен табиғат қорғау саласына қатысты негізгі жайттардың бірі – қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерінің конституциялық деңгейде нығаюы. Конституция жобасы тұрақты даму моделіне көшуді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Жаңа Конституция жобасындағы 37-бап азаматтардың экологиялық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Ол әрбір адамның табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны сақтауға, табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға және оның жай-күйіне жауапты болуына міндеттейді. Сонымен қатар жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан жаңа Конституцияда белгіленген экологиялық талаптар еліміздің табиғи байлықтарын сақтауға және болашақ ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыруға бағытталған маңызды қадам деп білемін.
Бектұрған СҰПЫҒАЛИЕВ,
Махамбет аудандық балық инспекциясы бөлімінің басшысы

