Таза қоршаған орта қалыптастыру үшін көшені тазарту жеткіліксіз. Ең маңыздысы – адамның тазалыққа деген көзқарасын өзгерту. Қоқысты кез келген жерге тастамау, суды үнемдеу, ағашты сындырмау, табиғатқа зиян келтірмеу секілді қарапайым әрекеттер адамның бойына бала кезден сіңсе, экологиялық мәдениет қоғамның берік қағидасына айналады.
«Таза Қазақстан» бастамасының мәні де осы түсінікпен сабақтас. Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың алдындағы жауапкершілік. Сондықтан экологиялық тәрбие отбасынан басталып, мектепте жалғасып, қоғамдық ортада нығаюы тиіс.
Бала үлкендердің ісіне қарап өседі. Егер ата-ана қоқысты арнайы жәшікке тастап, ауласын таза ұстап, ағаш пен өсімдікке қамқорлық танытса, бала да осы әрекеттерді табиғи әдет ретінде қабылдайды. Ал тазалық туралы айтылып, іс жүзінде оған мән берілмесе, тәрбиенің әсері әлсірейді.
Бұл ретте білім беру ұйымдарының да рөлі зор. Оқушылардың табиғатты қорғау тақырыбындағы жобаларға қатысуы, мектеп ауласын көгалдандыруы, экологиялық акцияларға араласуы олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырады. Мұндай жұмыстар тек шара өткізумен шектелмей, табиғатты аялаудың мәнін түсіндіруге бағытталуы керек.
Экологиялық тәрбие күнделікті өмірде де көрініс табады. Мәселен, отбасымен серуенге шыққанда артынан қоқыс қалдырмау, демалыс орнын таза күйінде қалдыру, қажетсіз заттарды шашып-төкпеу – әркім орындай алатын қарапайым міндеттер. Осындай дағдылар көпшілікке ортақ нормаға айналғанда, тазалықты сақтау да жеңілдей түседі.
Қоршаған ортаны қорғау ісінде балаларға жауапкершілік жүктеу ғана емес, оларға мүмкіндік беру де маңызды. Жас ұрпақтың ұсыныстарын тыңдау, пайдалы бастамаларын қолдау, өз ауылы мен көшесіне қатысты мәселелерді талқылауға қатыстыру олардың азаматтық белсенділігін арттырады.
Бүгін табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйренген бала ертең қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасады. Сондықтан экологиялық тәрбиеге жұмсалған күш – болашаққа салынған инвестиция.
Тазалықты сақтау үшін бәрімізден үлкен ерлік талап етілмейді. Ең әуелі, өз әрекетімізге жауап беріп, балаларға үлгі көрсете білсек жеткілікті. Себебі таза Қазақстанды қалыптастыру – тек ұранның емес, күнделікті тәрбиенің нәтижесі.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



