Балаға тазалық туралы айтқаннан гөрі, оны күнделікті іс арқылы көрсеткен әлдеқайда әсерлі. Үлкендердің көшеге қоқыс тастамауы, табиғатты күтіп ұстауы, ағашты сындырмауы – жас ұрпақ үшін тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру отбасынан басталуы тиіс.
Бүгінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау мәселесі қоғам назарында. Аудан аумағында ұйымдастырылып жүрген тазалық шаралары мен көгалдандыру жұмыстары осы бағыттағы ортақ міндетті айқындай түседі. Мұндай бастамаларға әртүрлі буын өкілдерінің қатысуы да маңызды. Себебі табиғатты қорғау – белгілі бір мекеменің немесе сала мамандарының ғана жұмысы емес.
Экологиялық тәрбие баланың табиғатқа деген көзқарасын өзгертеді. Ағашты сындырмау, суды ысырап етпеу, қоқысты кез келген жерге тастамау секілді қарапайым қағидалар уақыт өте келе әдетке айналады. Ал бұл әдет қоғамның тазалығына тікелей әсер етеді.
Біз келешек ұрпаққа қандай орта қалдырамыз? Бұл сұраққа жауап бүгінгі әрекетімізден көрінеді. Таза табиғат пен көрікті елді мекен – болашақ алдындағы жауапкершілігіміздің көрінісі. Сондықтан тазалық мәдениетін қалыптастыруды әр отбасы өзінен бастағаны жөн.
Г.СӘДУАҚАС



